«Қызылорда Жүк тасымалы» бөлімшесінің солтүстік бағыттағы Жосалы станциясында ірі теміржол мекемелері шоғырланған. Жылжымалы құрамның қауіпсіз қозғалысын сақтау бағытында станциядағы бүкіл теміржолшылар бір мақсатқа жұмылған. Станция бастығы,  тәжірибелі теміржолшы Бауыржан Сағатұлы Баяновтың  айтуынша  жосалылықтар  тапсырылған жұмыстардың денін толық орындап, кәсіби міндеттерін абыроймен атқарып келеді. Жосалы станциясына келіп түсетін негізгі жүк жергілікті тұрғындардың қажеті үшін  құрылыс заттары, тұрмыстық заттар  мен азық-түлік тауарлары болса, бұл бекеттен вагонға тиеліп жөнелтілетін басты жүк  жергілікті жосақұмы болып саналады.  Ынтымағы жарасқан ұжым ақпан айына 189 тонна жүк тиеп,  межені толық орындап шыққан. Жүк түсіруде де қалыс жоқ, станцияға келген 55 вагон жүкті түсіріп алған.  Статикалық вагон жүктемесінің жоспары 62,9 тоннамен тұйықталып меже 100 пайыз орындалған. Станцияға келген жүк вагондарының құжаттарын бір операция кезінде реттеу межесі 4.0 сағатқа белгіленсе, бұл көрсеткішті жосалылықтар 3,52 сағатқа түсіріп, жоспарды 113,6 пайызға көтерген. Құжаттары рәсімделмей тоқтаған жүк вагондарының тұру уақыты 0,50 сағатқа белгіленсе, оның орындалу барысы 0,31 сағатқа айналып жоспар 161,2 пайызбен, ал құжаттарын рәсімдеу кезіндегі жүк вагонының тоқтау межесі 4.0 сағатқа межеленсе, оның орындалуы 0,78 сағатқа атқарылып жоспар 512,8 пайызға орындалыпты. Станцияның жұмыс паркі 50 вагон болса, вагон айналым көрсеткіші 7125 вагонмен шектелген. –Жылжымалы құрамдардың станциялық жолдарға келуі барысында кіріс бағдаршамдарында кідіруі тіркелмеген. Жолаушылар пойызын арнайы белгіленбеген станция жолдарына қабылдау, шақыру белгілері бойынша және тіркеу бұйрығымен қабылдау орын алмаған. КТСМ құрылғыларының дабыл сигналының көрсетуімен тоқтатылуы болмаған. Өндірістік және маневрлік жұмыс барысында және жүк тиеу-түсіру жұмыстары атқарылатын кірме жолдарда вагондардың бүлінуі тіркелген жоқ, – дейді станция бастығы Бауыржан Баянов.  

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Жосалы станциясы