Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Ат-көлігін сайлап отыр
2 мин чтения
«Қызылорда жүк тасымалы» бөлімшесінде сәуір айының 10 мен 24 аралығында көктемгі байқау өткізілгелі отыр. Асай-мүсейлерін сайлаған Сыр бойы теміржолшылары дайындық жұмыстарын бастап та кетті.
– Бөлімшенің оңтүстік бөлігінен бастағалы отырған көктемгі комиссиялық тексеруге сала мамандары мен мекеме басшыларынан құралған жұмыс тобы, яғни комиссия мүшелері сайланып, алдағы атқарылар шараларды жіпке тізіп, ат-көлігін сайлап отыр. Жұмыс кестесі бекітіліп, білікті мамандар іріктелген. Барлық шар «Сала шаруашылықтарда көктемгі және күзгі тексеру өткізу» №470-ЦЗ пәрмені негізінде комиссия төрағасы әрі бөлімше директоры Аманкелді Арысбаевтың тікелей басшылығы және бақылауымен атқарылмақ, – деп мәлімдеді бөлімшенің бас ревизоры Бостанбек Нұрымбетов.
Тексеруге дайындық жұмыстарына қызу кіріскен аймақ теміржолшылары уақытпен санаспай жұмыс жасауда. Әр сала мамандары өз аумақтарын аралап шығып, кем-кетікті ретке келтіруде. Ал негізгі жұмыс барысында қозғалыс қауіпсіздігін сақтау талаптарының орындалуы, инфрақұрылым, техникалардың халі, өрт қауіпсіздігі, еңбек қорғау, өндірістік тәртіп, жұмыс тәртібі, құжат айналымы, теміржолшылардың әлеуметтік ахуалы секілді маңызды да өзекті мәселелер толығымен сарапқа салынып, сараланатын болады.
Жүк тасымалы және магистральдық желі бөлімшелеріне қарасты сала мекемелерінде жеке-жеке арнайы тексеру өткізетін комиссиялық топ мүшелері нысандарды толық көзден өткізіп, шаруашылықтардың жазғы тасымал науқанына дайындығын тексереді. Ірілі-ұсақты станция-бекеттер, локомотив шаруашылығы, вагон деполары, белгі беру және байланыс құрылғыларының жайы, жол, электрмен жабдықтау дистанциялары, жолдардың төсем қабатының жағдайы, өндірістік шеберханалар мен цехтар, қызметтік ғимараттар мен жасанды имараттар, жалпы алғанда саладағы кез-келген нысан толық тексеріліп, жіпке тізгендей сарапқа салынып, олардың пайдалану мерзіміне, ағымдық жарамдылығына дейін назарға алынып, қойын дәптерге түртіліп отырады да, кем-кетіктің орнын толтыру уақыты белгіленеді.