Нұрсая НҰРЛАНҚЫЗЫ
«Студент көктемі – 2017» мәресіне жетті
1 мин чтения
М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында өткен VІ Республикалық «Студент көктемі – 2017» байқауы қорытындыланды.
Студенттер арасында дәстүрге айналған шара бұл оқу орнында екі күн қатарынан жалғасып, білім қуған жастардың шығармашылық және өнердегі қабілеттерін танытуға, ұштауға мүмкіндік берді.
Бұған дейін аталған оқу орнының Ақтөбе, Ақтау, Астана, Шымкент қалаларындағы колледждерінде өткізіліп келген фестивальде биыл студенттер команда болып жарысып, таныстыру, аранжировка, командалық би және эстрадалық-театрландырылған қойылым шарттары бойынша сайысты. Еліміздің 5 қаласынан келіп, ең мықтылар қатарынан көрінуге ұмтылған жастардың өзара өнер бәсекесі қазылар алқасы үшін жеңімпазды анықтауда қиындық туғызды.
Байқаудың негізгі мақсаты – студенттік шығармашылықты қолдау жүйесін жетілдіру, өнер мен мәдениет саласында шығармашылық қызметті қолдау әдістерін дамыту, соның ішінде дәстүрлі халықтық өнерді кейінгі жас ұрпақтың бойына ұлттық тәрбие ретінде сіңіру. Кең ауқымды шараға 70-тен аса студент, 500-ден астам жанкүйер қатысты. Жарыс соңында бас жүлдеге аталған көлік академиясының Ақмола колледжі лайық деп танылды. Ал бірінші орын Ақтөбе колледжіне, екінші жүлде Алматы колледжіне және үшінші орын шымкенттік студенттерге берілді. Жүлдегерлер дипломдар және бағалы сыйлықтарға ие болды.