Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Әрқашан күн сөнбесін...
2 мин чтения
Балалар қорғау күнін Сыр өңірі теміржолшыларының бүлдіршіндері қалалық мәдениет және демалыс паркінде асфальтқа сурет салу сайысынан бастады.
«Қазақстандық салалық теміржол, автомобил, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда филиалы кәсіподағы ұйымдастырған сайыста балақайлар кәнігі суретшілердей түрлі-түсті қаламдарды керегінше пайдаланып, бас-аяғы 20-30 минутта шаршы алаңды суретпен өрнектеп жатты...
–Сурет салған 30 шақты балдырғанның түрлі-түсті көркем туындыларының арасынан ең озығын таңдау біздерге оңай болған жоқ. Баланың балғын саусағымен ұстаған қаламмен салынған бейнелер асфальт бетін гүлге орады. Сондықтан бүгінгі сайысқа қатысқан бүлдіршіндердің бәрін сый-сияпатсыз қалдырмай, арнайы бес орын белгіледік те, өзге 29-ының бәріне сыйлық үлестірдік, – дейді балалар мерекесін ұйымдастырушы, «ҚР теміржолшылары кәсіподағы» филиал төрағасы орынбасары Бауыржан Ахметов.
«Ана құшағындағы сәби», «Бәйтерек», «Астана», «Мәңгілік ел» секілді тақырыпта сурет салған өрендер ішінен 3 орынды Мария Ким, 2 орынды Бағжан Оразбайға және ана құшағындағы сәбиді бейнелеп, өзге балалардан оза шапқан Айдай Айбол 1 орынға лайық деп танылып, қазылар алқасының құрмет гармотасы мен арнайы сыйлықтарын иеленді. Бір қызығы, бүлдіршіндер салған барлық суретке күлімдеген күн бейнесі ортақ екен.
Парктегі балаларды қорғау күні «Қауіпсіз балалық шақ» тақырыбындағы сурет салу жарысы барысында өрендер сый-сияпат алып қана қоймай, көңілді паровозға мініп паркте серуендеді, онан кейін тәтті балмұздақ жеп мерекені көңілді өткізді.