Ерлан Ғазез, Талды-Семей
«Талды» су құрсауында қалды
2 мин чтения
Жылдағыдан ерекше мол түскен қардың еруінен Семей жүк тасымалы бөлімшесіне қарасты бірқатар станцияларға қауіп төніп тұр. Бүгінде су қоршауында қалған Талды ауылының жағдайы теміржолшыларды тік тұрғызды.
Семей бөлімшесі шұғыл штаб құрып, теміржолшылар дереу көмекке аттанды. Су құрсауында қалған үйлерден бала-шаға мен қарттар қауіпсіз жерге көшіріліп, 100-ден аса ұсақ мал, 15-16 ірі қара іргелес шаруашылыққа шығарылды. Құтқарушылар мен жергілікті теміржолшылар үйге кірген суды техника күшімен сорып, тазартуда.
– Бүгінде жиналған қар суын арық жыртып «Маралды» өзеніне қарай ағызып жатырмыз. Қазір жағдай қалпына келтіріліп, қауіп сейілді, – дейді оқиға орнында жүрген Семей – Жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Марлен Көкірекбаев.
Жағдайды қалпына келтіру жұмыстарына 30-дан аса адам күші мен 5 техника жұмылдырылды.
–Халыққа ауыз су жеткізілді. Кәсіподақ ұйымы тарапынан, қолдан келгенше азық-түлікпен де көмектесудеміз. Мұндай көмектер, апаттың беті қайтқанша жалғасын таба береді, – дейді салалық кәсіподақ ұйымы орталық кеңесінің Семей аймағы бойынша өкілі Алик Досанов.
Ширақ қимылдап, су жолына 2500 құм салған қап төсеп үлгерген теміржолшылардың шұғыл әрекетінің арқасында табиғи апаттың беті қайтарылып, артық шығынға жол берілмеді. Бүгінде екі мотопомпа үздіксіз жұмыс істеп тұр. Өрт сөндіру пойызы да бүкіл құрамымен осындағы жұмысқа бел шеше араласуда. Электрмен жабдықтау дистанциясының жұмысшылары тұрақты кезекшілік етуде. Қауіпсіздік шаралары әлі де жалғасуда.