Шахида Жұман, Маңғыстау
Тежегішке назар аударды
2 мин чтения
Наурыз бен сәуірдің 13 аралығында теміржолда өткен "Тежегішке назар!" айлығы аясында Маңғыстау вагон депосының техникалық қызмет көрсету орталығында қандай жұмыстар атқарылды?
Бұл жөнінде орталықтың оқыту жөніндегі нұсқаушысы Азамат Елубаев айтып берді.
–Биылғы бірінші тоқсанда біздің техникалық қызмет көрсету пунктте 2475 вагонның тежегіш жабдықтары сауықтырылса, өткен жылы осы кезеңде 1984 вагонның тежегіш жабдықтары жөнделген болатын. Сан да сапа да өсіп отыр. Жалпы, бір бізде ғана емес, кейінгі кездері теміржол желісінде пойыз вагондарының тежегішіндегі ақаулықтар жиілеп кеткені жасырын емес. Соның салдарынан туындайтын апаттың алдын алу мақсатында бүкіл Қазақстан темір жолында айлық жарияланды. Өйткені тежегіш - пойыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірден-бір құрылғы. Жүріс барысында ол істен шықса жағдай қиын болатыны белгілі. Сондықтан аталған мерзім ішінде біраз жұмыстар қолға алынды. Вагон депосында арнайы бұйрық шығарылып, іс-шаралар жоспары жасақталды. Жұмыстар соған сәйкес ұйымдастырылды. Жоспарлы жиналыстар сайын вагон қараушылар мен ағымдағы ағытып жөндеу тұйығының жұмысшыларымен тежегіш жабдықтарына қызмет сапасын арттыру мақсатында түсінік жүргізілді,-дейді Азамат Елубаев.
Оның мәліметінше, айлық барысында Маңғыстау вагон пайдалану депосының №22 ағытып жөндеу тұйығында 1296 вагонның тежегіші қалпына келтірілген. Олар негізінен иінтірек берілістерін реттеу, тежегіш жеңдерін ауыстыру, басқа да жабдықтарын жаңалау бойынша болған. Аса маңызды, қауіпті ақаулықтар табылмаған. Сондай-ақ, вагон депосында вагон қараушылар мен машинистерге тежегіш тақырыбына байланысты 5 рет қосымша сабақ өткізілген.