28 сәуір – Дүниежізілік еңбекті қорғау күні. Осыған орай, Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінде өткен шара «Басты құндылық – қауіпсіздік» тақырыбына арналды. Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі директорының орынбасары Ерлан Бүркітов айтулы күнді кең көлемде атап өту, мерекенің маңызын слайд-шоу немесе бейнероликтер көрсету арқылы ашу қажеттігін айтып тапсырма берген болатын. «Өйткені, теміржолшылар үшін қауіпсіздікті арттыру, жазатайым жағдайлардың алдын алу, адам өмірінен асқан құндылық», – деді ол. Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінің бас инженері Т.Разов пен еңбек қорғау инженері Ж.Шуиншалиева, Маңғыстау локомотив пайдалану депосының цехтық кәсіподақ ұйымының төрағасы, еңбек қорғау инженері Ә.Набиханов, Маңғыстау электрмен жабдықтау дистанциясының еңбек қорғау жөніндегі техникалық инспекторы Б.Жолмырзаевтар сөз алып, жұмыс барысында опат болған және ауыр жарақат алған әріптестерін еске алып, өндірісте басты ереже – қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.Шара барысында еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар арнайы куәліктерге ие болып, Алғыс хаттар мен ақшалай-заттай сыйлықтармен марапатталды. Солардың бірі – Маңғыстау электрмен жабдықтау дистанциясының техникалық инспекторы Бекмырза Жолмырзаев: «Дистанция бойынша еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ішкі бақылау ұйымдастырылып, мекеме еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестің шешімімен бекітілді. Үстіміздегі жылдың 9 қаңтарындағы №41 бұйрық негізінде 6 техникалық инспектор тағайындалды. Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар жұмысшылардың еңбек жағдайларының жай-күйін, жұмыс барысындағы тәуекелдерді, жұмыс орындарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі белгіленген талаптардың сақталуын бағалап, анықталған сәйкесіздіктерді жою мақсатындағы шаралардың орындалуын тексеруде. Мәселен, ағымдағы жылдың төрт айында дистанцияның техникалық инспекторлары 39 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 36 кемшілік анықтады. Дистанция жұмысшылары арнайы киім, жеке қорғаныс құралдарымен, сүтпен және сабынмен толық қамтамасыз етілді», – деген ақпармен бөлісті.