Ерлан Ғазез, Семей
Жауапкершілік – әркімге міндет
1 мин чтения
Семей өңірінде Бүкіләлемдік еңбекті қорғау күні мереке емес, жұмыс орнында, қызмет бабында жүріп опат болғандарды еске алу күні екендігіне айрықша мән берілді.
Салалық кәсіподақ ұйымының Семей өңірі бойынша өкілі Алик Досанов Семей вагон пайдалану депосында, Семей белгі беру және байланыс дистанциясында, Семей станциясында, Қалпына келтіру пойызының ұжымында болып, теміржолшылар бір минут үнсіздікпен өндірісте қаза болғандарды еске алды.
Бізде жұмыс барысында душар болып жататын келеңсіздіктерге кәсіпорын басшыларын кінәләу белең алған. Өміріне немесе денсаулығына қатерлі жерде жұмыс істейтін жандар (жолшылар, вагоншылар, электриктер, токарьлар, т.б.) еңбек қауіпсіздігі жөніндегі нұсқаулықта белгіленген ережелер мен шарттарды қатаң орындап, салдыр-салақтық, айтқанды тыңдамау, жұмыс орнында арақ-шарап ішу және өзге де өрескел қылықтарға жол бермесе қанша бақытсыздықтың алдын алуға болар еді. Басты жауапкершіліктің мекеме-кәсіпорын басшылары мен жұмыс орнындағы әр адамның өз мойнында екенін әрдайым көңілден шығармаған жөн, бастысы өндіріс құрбандарының санын азайту, мүмкін болса мүлдем жою екенін Семей вагон пайдалану депосы бастығының орынбасары Ерзат Хасенов жиналғандардың есіне салды.
Бас қосу соңында жұмысшыларға «Теміржолшы сақ бол, сені үйде күтіп отыр», – деген ескерту жазылған қойын кітапша мен бір жұп қолқап естелікке таратылды.