Жер қарайып, күн жылынысымен  желі бойындағы қараусыз малмен күрес – барлық аймақтағы теміржолшылар үшін қосымша жұмысқа айналғалы қашан. Семей жол дистанциясы да жыл басында желілік полиция бөлімімен бірлесіп осы бағытта  жұмыс жүргізу туралы арнайы кесте әзірлеген болатын. Бүгінде сол кесте бойынша желі бойын қоныс еткен елді мекен тұрғындарымен түсіндіру жұмыстары өткізіліп, шаруа қожалықтары иелерімен кездесулер ұйымдастырылуда. Яғни, қараусыз малдың пойыз қозғалысына қауіп туғызуы қылмыстық жауапкершілікке әкелетіні туралы кең көлемдегі насихат жұмыстары жүруде. Ендігі аралықтағы жаза тым қатаңдатылған. Осы орайда, әсіресе аса күрделі саналатын Жаңасемей-Дегелең телімі бойынша бірінші кезекте жұмыс жүргізілуде. Себебі, аталмыш аумақ бойынша желі бойын қоныс еткен жеке шаруа қожалықтарының қыстақтары көп. Сондықтан да, дистанция басшылығы мен желілік полиция қызметкерлері желі бойына таяу орналасқан Курчатов, Бөдене, Бөкенші, Шақаман, Шаған ауылдарында жұртшылықпен көп жұмыс жүргізуде.  Сонымен қатар, осы аумақты жайылым еткен «Болашақ», «ЖК Байуақов», «Коростыли» сынды шаруа қожалықтарына арнайы ат басын бұрып, ескерту қағаздарын ұстатып, түсінік жұмыстарын жүргізіп қайтты. Мұнымен қоса, белгіленген кестеге сәйкес, желінің қос қапталында жатқан Семей-Локоть теліміне қарасты Дүйсекен, Ауыл станцияларында да болып, мұнда да түсіндіру шараларын өткізді. Семей жол дистанциясының директоры Рахат Ботасбаевтың айтуынша мұндай шаралар қатары ерте көктемнен басталып қара күзге дейін үзіліссіз жүргізіле бермек.  

Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей