Қауіпті аумақ болып табылатын теміржолда арнайы нұсқаулықсыз жұмыс жүрмейтіндігі аян. Теміржол бойында жүріп-тұрудың ережесі – нұсқаулықты басшылыққа алып жұмыс істеу көп қауіп-қатердің алдын алуға сеп. Маңғыстау белгі беру және байланыс дистанциясы үшін СОБ құрылғыларын техникалық күтімге алу жөніндегі (ЦШ-720-1) және СОБ құрылғыларын техникалық күтімге алу және оларды жөндеу кезіндегі пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі (ЦШ-530-1) нұсқаулықтардың маңызы жоғары болатын. Бірақ та, аталған нұсқаулықтар ағымдағы жылдың 16 мамырынан бастап өз күшін жоюда. ЦШ-720-1 нұсқаулығының орнына 29.12.14 жылғы бұйрықпен бекітілген 1714 ЦЗ нұсқаулығы, ал ЦШ-530-1 нұсқаулығын 21.01.15 жылғы бұйрықпен бекітілген 54 ЦЗ нұсқаулығы алмастырды.Нұсқаулық ауысқаннан кейін, демек, қандай да бір өзгерістер орын алған болуы немесе жаңа құрылғылар қосылған болуы бек мүмкін. Сол үшін қазіргі таңда аймақтағы әр учаскенің телім басшылары жаңа нұсқаулықпен жіті танысып, бұрынғысымен салыстырып қарауда. Алдағы уақытта қандай жұмыстар атқарылуы тиістігі нақтыланғаннан соң ғана желідегі жұмысшыларға құлақтандырылады. Тағы бір айтарлығы, дистанцияның технологиялық үдерістер кестесінде қамтылған апталық, тоқсандық, жылдық жұмыстар жақын арада жаңғыртылмақ. Ол үшін жоғарғы басшылықтан шілде айының 1-не дейін уақыт берілген. Соған дейін дистанцияның жұмыс жасау кестесі түгелдей дерлік өзгеріп, жаңа жұмыстар болса қосылып, желілермен жұмыстану қажет етілуде.