Қуаныш Қожаев, Семей
Бас бәйге – теміржолшыларда
1 мин чтения
Жуырда Семей қаласында жергілікті мекемелер мен ұйымдар арасында жазғы президенттік миль өткізілді. Спорттың жеңіл атлетика түрі бойынша ұйымдастырылған шарада семейлік теміржолшылар ең белсенді ұжым ретінде танылып, бас бәйгені жеңіп алды.
Аталмыш спорттық шараға негізінен жастары 50-ден асқан егде жастағы жандар қатысқан болатын. Ең алдымен ұзақ қашықтыққа жүгіруден жарыс өтті. Бұл сайыс бойынша бақ сынап көрген Семей станциясының қызметкері, биылғы жылы зейнеткерлікке шыққалы отырған Дәмегүл Бөлекбаева дара танылып, бірінші орынды жеңіп алды. Үш шақырымды санаулы минуттарда бағындырған Дәмегүлдің жетістігін өзге ешкім қайталай алған жоқ. Теміржолшыға арнайы диплом мен сыйлық тарту етілді.
Сол тәрізді қалалық байқау барысында ұйымдастырылған мини футбол мен үстел теннисі бойынша да Семей ЖТ бөлімшесінің теміржолшылары бас бәйгені жеңіп алды. Атап айтсақ, түрлі республикалық додаларда топ жарып жүрген Семей магистральдық желі бөлімшесінің қызметкері Данияр Малдыбаев, ШЧ-29 электромонтерлері Рустам Мұхаметжанов пен Талғат Ракишевтар, ЭЧ-18 мекемесінен Сапар Рысқалиев пен Азат Кенжеханов сынды теміржолшылар бөлімше абыройын биік ұстады.
Жалпы, ағымдағы жылғы жазғы спорттық ойындар семейліктер үшін өте нәтижелі басталды. Алдағы уақытта бөлімше бойынша біріншілік ойындары жалауын көтермек. Оған желі бойындағы тораптық станциялардағы теміржолшылар толықтай тартылатын болады.