Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Туған күніңмен, Кәсіподақ!
2 мин чтения
Биыл сала кәсіподағы – «Қазкөліккәсіп» ҚБ-нің құрылғанына 25 жыл толып отыр. Қызылорда теміржолшылары «Динамо» спорт кешенінде кәсіподақ мерейтойы құрметіне теңбіл доп додасын өткізді.
Аймақ темір жолына қарасты он алты теміржол мекемесінің құрама командалары өзара төрт топқа бөлініп, жарысты бастап кетті. Әр топтан оза шыққан екі құрама ойынды әрі қарай жалғастырып, жарыстың екінші кезеңінде бақ сынасты. Ойын арасында кәсіподақтар ұйымы құрама командалардың ойын арасында тынығуына, тамақтануына көңіл бөліп, жағдай жасады.
Кәсіподақ құрметіне өткен додада командалық ойынның озық үлгісімен ерекшеленген Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің құрамасы жүлделі үшінші орынды иеленіп 20 мың теңге қаржылай сыйлыққа қол жеткізсе, сәл ғана сәттілік жетпей қалған Әскерилендірілген темір жол күзетінің «ВЖДО» құрамасы 30 мың теңге қаржыны қоржынына салып екінші орын иеленді. Бас жүлдеге тігілген 40 мың теңге қаржы мен үлкен кубок иеленіп, мерейі үстем болған Қызылорда жүк тасымалы бөлімшесінің командасы жеңіс тұғырына көтерілді. Жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы дәнекерлік қызметті абыроймен атқарып жүрген кәсіподақ ұйымы ұйымдастырған дүбірлі додаға атсалысқан командалардың бәріне спорт жейдесі, ынталандыру және естелік сыйлықтар берілді. Осы жарыс нәтижесінде шеберлігімен көзге түскен аяқ допшылардан жаңа құрама команда жасақталып, Ақтөбе қаласында өтетін жарысқа Қызылорда құрамасы намысын қорғайтын ойыншылар іріктелетіні де ескертілді.
Сондай-ақ, әр жылдары кәсіподақ саласында жемісті жұмыс жасаған О. Әбішев, Қ.Рахметов, А. Дүйсенұлы, Ж.Сыздықов, Ө.Нармаханов, Р.Бимұрзаев, Ғ.Ноғайбаева және Ұ. Құсбаева секілді ардагерлерге Алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етілді.