Қуаныш Қожаев, Семей
«Үш топтық тәсіл» – тың жетістік
2 мин чтения
Семей жүк тасымалы бөлімшесі бойынша өндіріс барысына өткен жылдың соңында енгізілген жаңашылдықтар мен соны әдіс-тәсілдер жемісін беруде.
Нәтижесінде, жүк тасымалы мен пойыздар қозғалысын ұйымдастыруда тың жетістіктер орын алды. Мысалы, ағымдағы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша 12 сапалық көрсеткіш орындалыпты. Бірінші кезекте бөлімшеге қарасты вагон шаруашылығы мен жүк станциялары бойынша ілкімді жұмыс жасалынған. Вагондар өнімділігі – 104,2, жүк айналымы – 101,9 пайызды құраған. Мұнымен қатар, соңғы бес айдың көрсеткішіне тоқталар болсақ, вагондарды «үш топтық тәсілмен» өңдеу нәтижесінде 89 млн теңгенің тиімділігі жүзеге асқан. Ал, жыл аяғына дейін аталмыш бағыттағы шаралар нәтижесінде 902 млн теңгенің экономикалық тиімділігі орын алады деп болжануда. Бұл тәсіл бөлімше бойынша өткен жылдың соңында өндіріске енгізілген болатын. Осылайша, рейстік модельдің «берік тармақ» түрі тиімділігі зор екендігін дәлелдеді.
Жалпы, бұл әдіс негізінде транзиттік пойыздардың өңделетін уақыты 10 минутқа үнемделіп, станцияның өз басындағы, яғни, жергілікті жылжымалы құрамдарды жасақтау 50 минутқа дейін азайтуға қол жеткізілді.
Осынау жетістіктер аясында 5 ай ішінде жүк тиеу техникалық жоспардан 16,0 мың тоннаға артық орындалған. Бұл бағыттағы шаралар әлі де ширатылмақ.
Сонымен қоса, бөлімше бойынша жыл басынан бері 4970 жүк пойызы жолға шығарылған. Оның 4060-ы жүк тасымалын оңтайластыру мақсатында ұйымдастырылған ауыр салмақты жылжымалы құрамдар. Мұндай құрамдар саны жалпы көрсеткіштің 81,7 пайызын құрап, 282 млн теңгенің экономикалық таза пайдасын әкелгенін ескерсек, осыған дейінгі жоспарланған шаралардың, яғни, вагон айналымы мен жүк тасымалын ұйымдастырудағы соны тәсілдердің тиімділігі зор болғанын аңғаруға болады.
Ал, мұның сыртында, жыл басталғалы бергі бес айдың ішінде ақаулықтарға жол берілген жоқ. Өндірістегі жетістіктердің бұлайша еселенуіне жаңа техникалық үдерістерге көшу зор мүмкіндік беріпті.