Динар МЕЙІРМАН, Шымкент
Теміржолым – өмір жолым
2 мин чтения
Арыста тұтатын теміржолшы Сейітжан Байниязов «Теміржолым – өмір жолым» атты жыр кітабын жарыққа шығарды.
40 жылға жуық теміржолшы болған жан қолынан қаламын тастамаған екен. Бала күнінен аңсары өлеңге ауса да кәсібін теміржолдан тапқанына өкінген емес. Өйткені әкесі де ғұмырын Темір бекетінде теміржолшы болып өткізген.
–Алматы теміржол институтында бес жыл оқыдым. Теміржолшылар үшін ата мен әкенің жолын қуып, болатжолды дамытуға үлес қосу үлкен мәртебе. «Теміржолды пайдалану инженері» мамандығын алып жолдамамен Арысқа келдім. Нағыз өндірістің қайнаған ортасына түсіп, станция кезекшісі, диспетчер болып, 1986-1991 жылдары Темір бекетін басқардым. 1993 жылы Арыс станциясы бастығының орынбасары, кәсіподақ комитетінің төрағасы, осы станцияның бастығы қызметтерін атқардым. Кейін денсаулығыма байланысты станция кезекшісі болдым. Бүгінде аға пойыз қабылдаушымын, – дейді Сейітжан Жүнісұлы.
500 данамен жарық көрген жыр кітабының басты кейіпкері – теміржолшы әріптестері. Арыстық теміржолшылар тарихынан сыр шертеді.
Теміржолшылар әулеті Байниязовтардың игі дәстүрін бүгінде Сейітжан ағаның ұлдары Мейіржан мен Асылжан жалғастыруда. Мейіржан Аягөз, Защита станцияларын басқарған. Қазір Алматы теміржол бөлімшесінде еңбек етеді. Асылжан механикаландырылған жол дистанциясында жұмыс істейді. Жұбайы Фатима да Арыс станциясында біраз жыл жүк қабылдаушы болыпты. Екеуі болатжолда еңбек етіп жүріп табысқан екен. Демек, «Теміржолым – өмір жолым» деп бекер жыр жазбаса керек арыстық теміржолшы-ақын.