Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ
Алтыннан қымбат ауыз су
2 мин чтения
Жуырда ғана «Мөлдір бұлақ» салалық бағдарлама аясында Алматы жол бөлімшесінің Саз станциясының тұрғындарына ауыз су келгені туралы жазған болатынбыз.
Станциядағы өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған су жабдықтау объектілерінің тозығы жетіп, соңғы он жыл бойы пайдаланылмаған. Яғни, содан бері Саз тұрғындары ауызсусыз, тасымалдап ішіп күнелткен. 14 жылдан бері теміржол цистернасынан тіршілік нәрін тасып ішкен тұрғындар ауыз су тұрмақ, техникалық суға да суға зәру болып келген.
Міне, енді «Мөлдір бұлақ» бағдарлама аясында «Теміржолсу» АҚ Саз станциясында сумен жабдықтау жүйесін жетілдіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп, нәтижесінде жаңа 50 метрлік ұңғыма, су айдауыш мұнара мен суды тазартатын әрі фильтрлейтін жабдық орнатылды. Автоматтандырылған сумен жабдықтау жүйесі арқылы жергілікті жұрт барлық стандартқа сай келетін таза ауызсуға қарық болып, қуаныштарымен бөлісуде.
«Судың да сұрауы бар екенін» өз тәжірибелерінен сезінген саздықтар «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Қ.Алпысбаевқа жүрекжарды алғыстарын жолдайды. «Жақында ауылымызға су тартылды. «Су – ырыстың көзі» демекші, ауыз су әр үйге кіргізіліп, қуанышымыз тасып жатыр. Саз станциясы тұрғындары атынан «Мөлдір бұлақ» бағдарламасын жүзеге асырып отырған «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығына, компания жетекшісі Қ. Алпысбаевқа шексіз алғысымызды білдіргіміз келеді. Құрметті Қанат Қалиұлы! Сіздерге үлкен денсаулық, жұмыстарыңызға табыс тілейміз!» деп жазады Саз станциясынан редакцияға хат жолдаған Б.Мұсаев, Х.Сәдуақасов, Қ.Келменбетов, М.Етембаев, Ж.Карбозов, А.Тайгелдиев, М.Тансықбаев, Г.Тансықбаева, М.Иманбердиев сынды теміржолшы тұрғындар.