Семейлік теміржолшылар арасында қалыптасқан игі дәстүр бар. Соның бірі, жыл сайын аға буын ардагерлер қауымымен, Құрметті теміржолшылармен тағылымды кездесу өткізіп, пікір алмасу. Биыл да аталмыш шара жарасымды түрде жалғасын тапты. Кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен ардагерлермен кездесу өтті.Биылғы жүздесу жылдағыдан өзгешелеу өрбіді. Ардагерлер ең алдымен тың жәдігерлер, тұщымды деректермен толықтырылған Түрксіб-Семей мұражайына жиналып, өздері еңбек еткен өткен дәуір кезеңдерін еске алды. Осыдан соң арнайы жайылған дәм басында өзара әңгіме құрып, уақытты тартымды өткізді. Заманында Құрметті теміржолшы атағын иеленген алдыңғы толқын өкілдерімен кездесуге бөлімше басшысы Марлен Көкірекбаев пен Семей магистральдық желі бөлімшесі директоры Айдын Шәукежановтар арнайы келіп,   ардагерлерге ізгі лебіз білдіріп, олар мұраға қалдырған Семей теміржолын өркендетуге қосып жатқан үлестерін жеткізді. Марлен Кәрімұлы жүк айналымының еселеп өсіп, қозғалыс қауіпсіздігі шараларының жетістікті екенін, ағымдағы жылдың жартыжылдығы толайым табыспен өткенін  айтып өтті. Ақсақалдар атынан Құрметті теміржолшы, сала ардагері Қырықбай Әлсейітов қазіргі қазақ теміржолы сенімді қолда екендігіне риза екендерін жеткізді, ал замандастарына денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.         

Қуаныш Қожаев, Семей