Қуаныш Қожаев, Семей
Экономикалық тиімділік еселенген
2 мин чтения
Семей жүк тасымалы бөлімшесі бойынша ағымдағы жылы алға қойылған басты межелердің бірі – өндірістегі шығынды азайту арқылы экономикалық тиімділікті еселеу болып табылады.
Бұл ретте, әсіресе қызмет барысын мейлінше ширатуды талап ететін локомотив шаруашылығындағы жетістіктерді бірінші кезекте атап өтуге болады.
Семей теміржолының жалпы ұзындығы 724 шақырымды құрайтынын ескерсек, ондағы жүйткитін локомотивтер шығыны да қомақты болатыны белгілі. Осы ретте аталмыш бағытқа басты назар аударылып, жыл басында бірқатар ілкімді шаралар қабылданған болатын. Нәтижесінде, ағымдағы жартыжылдықта жылжымалы құрамдарды тиімді қолдану арқылы локомотивтерді пайдалану бойынша барлық көрсеткіштер толықтай орындалды. Атап айтқанда, локомотивтердің тәуліктік орташа өнімділігі 101,8 пайыз болса, жол жүруі 100,2 пайызға жетті.
Жалпы, локомотив өнімділігін арттыруға бірінші кезекте негізгі және айналым деполарындағы бос тұрыстарды 0,12 сағатқа азайту себеп болыпты. Соның есебінен локомотивтер паркі тиісінше 0,1 бірлікке кеміген. Бір бұл емес, Локоть станциясынан Ақтоғай станциясына дейінгі аралықтағы жүк пойыздары салмағын 4500 тоннаға жеткізу есебінен локомотив паркі 0,44 бірлікке кемітілді. Бұдан келер тиімділік аса жоғары болып тұр. Нәтижесінде әр бағыт бойынша ауыр салмақты пойыздарды жөнелту саны 4946-ға дейін өсіп, бұл көрсеткіш күллі бөлімше бойынша жалпы жөнелтудің 79,3 пайызын құрады.
Аталмыш шаруашылық сан қырлы. Соның ішінде локомотивтер мен локомотив бригадаларын ұтымды пайдалану – локомотивтерді орындалған жұмыс көлеміне қарай 0,44 бірлікке немесе 1944 сағатқа қысқартуға мүмкіндік беріп, шартты экономикалық тиімділікті миллиондап арттырды.
Десекте, алдағы уақыттарда назар аударатын мәселелер де бар. Мәселен, телімдік жылдамдық пен техникалық жылдамдықты әлі де арттыра түсу, пойыздардың жол жүру жылдамдығына шектеу қоймау шаралары межеленіп отыр.
-Жартыжылдық көрсеткіш үшін бұл жетістіктер қанағаттанарлық деуге болады. Меже толықтай орындалды. Әйтседе, жылдың соңына дейін локомотив шаруашылығы бойынша жоспарланған бірқатар тапсырмаларды орындауымыз қажет, - дейді бөлімше басшысы Марлен Көкірекбаев.