Қуаныш Қожаев, Семей
Жүк айналымы жаңаша сипатта
3 мин чтения
Семейлік теміржолшылар үшін өткен жартыжылдық жүк айналымы бойынша рекордтық көрсеткіштерге толы болды деп айтуға болады. Оның бір себебі, бөлімшеде ағымдағы жылы жүк айналымын ұйымдастыру жұмыстары жаңаша сипат алды.
Осыған дейін тиімді нәтиже берген Жаңасемей станциясында құрастырылатын Шаттл пойызы, хоппер-вагондармен цемент жеткізу, Семей – Суықбұлақ станциялары арасында қатынайтын жартылай ашық вагондардан құрастырылған «вертушкалар», 4500 тонналық ауыр салмақты пойыздар осынау бағыттағы шаралардың дұрыс жүргізіліп жатқанын толығымен айғақтап отыр.
Бөлімше бойынша барлық көрсеткіштер жоғары. Мәселен, жүк айналымы өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 13,7 пайызға немесе 453,5 млн. тонна-км неттоға ұлғайыпты. Нәтижесінде бөлімшенің кіріс көлемі де былтырғы көрсеткішке қарағанда миллиард теңгеге дейін өскен. Бұл жетістіктерге алға қойылған тапсырмалардың жүз пайыздан артық орындалуы мен тасымал барысында жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану және жүк жөнелтуге тапсырыс берушілер санының өсуі әсер етіп отыр.
Атап айтсақ, Қаражыра көмір кенішінен тиелетін жүк те бұрынғы жылдарға қарағанда еселеп өсіп, биылғы жарты жылдықта тұңғыш рет 185,0 мың тоннаға жетіпті. Маусымдық сипаттағы қатты отын тасымалы әлі күшіне ене қоймағанын ескерсек, жылыту маусымына дейін бұл көрсеткіш еселеп өсе түсетіні белгілі.
Мұның сыртында цемент – 27 мың тоннаға, өндірістік шикізат – 75 мың тоннаға, құрылыс тауарлары – 31,4 мың тоннаға артып отыр.
Сондай-ақ, осыған дейін тәжірибеден өткен Шаттл пойызы биылғы жылы да қайта құрастырылды. Бұл тарапта жаңадан тапсырыс берушілер бар. Мәселен, «Семей цемент зауыты» ЖШС Алматы, Астана бағыттарына «ЦТУ» АҚ хоппер-вагондарымен цемент тасымалдаса, тұрақты клиент «Аlmix» ЖШС тапсырысты еселеп ұлғайтты. Жалпы, аталмыш пойыз бұрындары Алматы қаласына дейін 2,3 тәулік жол жүрсе, ендігі аралықта едәуір қысқарып, бір тәулікте жүк жеткізеді.
Жалпы, жүк айналымының өсуіне ауыр салмақты пойыздардың қосқан үлесі зор болып тұр. Бұл ретте, өткен 6 ай ішінде пойыздар салмағын ұлғайту есебінен ауыр салмақты құрамдардың жөнелтілген саны 4946-ға өсіпті. Бұл жөнелтілген пойыздардың жалпы санының 79,3 пайызын құрайды екен.
Жүк айналымының өсуіне тағы бір оң ықпал, ағымдағы жылы жүзеге асқан келісімді коммерциялық жұмыстың автоматтандырылған басқару жүйесі болып отыр. Қазіргі таңда бұл жүйеге станциялардың 224 жұмыс орындары қосылған. Нәтижесінде электрондық тасымал құжаттарының әзірленуі жүз пайыз орындалды.
Осынау жетістіктердің барлығы бөлімше бойынша жүк айналымы көкжиегін әлі де кеңейте түсу мүмкіндігі бар екенін дәлелдейді. Қазіргі күні көмір тиеуді 1000,0 мың тоннаға жеткізу арқылы жүк тиеуді 9000,0 мың тоннаға арттыруды межелеп отыр. Сонымен қатар, Дегелең-Семей телімі бойынша 6 300 тоннаға дейінгі аса ауыр салмақты пойыздар құрастыру жұмыстарын жүргізу көзделуде.