Кез келген рационализаторлық ұсыныс тиімділігімен танылып, ең алымен қауіпсіздіктің сақталуына бағытталуы керек, деп санайды арыстық өнертапқыш. Дәрібек Мақұлбеков аттай қырық жылдан бері Арыс белгі беру және байланыс дистанциясында  еңбек етіп келеді, тек соңғы он жыл ішінде 20-дан аса рационализаторлық ұсыныстың авторы атанған.  Соның ішінде, ерекше атап айтарлық еңбегі, дистанция директорының орынбасары Андрей Корчагин, бас инженер Мейіржан Жаңабаевпен ақылдаса отырып, қауіптің алдын алатын екі өнертапқыштық жұмысты өндіріске енгізген. Оның бірі, Шойтөбе станциясына қатысты. Станцияда бір пойыз кетіп үлгермей жатып, телім толық босамаса да диспетчерлер екіншісін жібере беретін. Бірақ екіншісін қабылдарда сигнал бірден ашылмай қалады. Ал пойыз жоқ уақытта бұрынғысынша жұмыс істей береді. Дәрібек Әбзадаұлы сигналдың бірден ашылуы үшін сызбаларды қайта қарап, толықтырды. Қазір пойыздар бірінің артынан бірі келсе де, сигнал уақытылы ашылып-жабылып тұр. –Бағдаршамның түсін бірден қызыл, сары, көкке өзгертіп, яғни код беріп тұратын жол бойындағы шкафтарда жанаспайтын (бесконтактный) ТША құрылғылары бар. Кейде сол код беретін құрылғы сызбасынан ақау кетіп, жалған жанып қалады. Біз осы шкафтарды ашып, код беретін нүктелерінің жалған жанбауын толықтырып, қайта жөндедік. Осылай, қауіпсіздіктің алдын алмаса, бір күні  станцияда  пойыздар апаты орын алуы мүмкін, – дейді ол. Автордың ойлап тапқан тағы бір жұмысы Ақдала бекетінде электр жарығына байланысты. Шалғайдағы шағын станцияда электр жарығы жиі өшеді. Сондайда Шымкенттегі пойыз диспетчеріне бекеттегі пойыздың бар-жоғы көрінгенмен, сигналдың ашық-жабығы көрінбейді. Оның да сызбаларын қайта қараған соң, бекетте жарық өшсе де, сигналдың ашық-жабығы диспетчерге көрінетін болған. Яғни, қосымша релелерді байланыстырып, енгізген. – Қазір ұжымға жылына 5-6 рационализаторлық ұсыныс ойлап табуға тапсырма беріледі, жоспарды орындаймыз. Соңғы жаңалығымыз, мысалы  Арыс станциясындағы дөңесте вагондар сұрыптауына байланысты. Кейде дөңесте бағдаршамдар жалған жануы мүмкін. Сондайда дереу қауіпті болдырмау үшін, жолда автоматтандырылған жүйенің өзі «қорғаныс» жасайды. Оны да диспетчер бір нүктені басу арқылы іске асырады. «Қорғаныс» құрылғының да жұмысын реттеп отырмаса, вагондардың сұрыптауына зиянын тигізеді, – дейді осындай, өндіріске пайдасы тиетін, қауіптің алдын алатын тың  идеялар тауып, техникалық шығармашылықпен айналысып жүргеніне он жылдан асқан теміржолшы.

Бекәли АЛТЫН, Шымкент