Асқар Ақтілеу, Ақтөбе
Үздік рационализатор
2 мин чтения
Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесінің жас қызметкері, өндірістік бөлімнің инженері Айзат Қожан «Үздік рационализатор» атағына ие болды. Жас маман жүзеге асырған екі жобадан экономикалық тиімділік жарты миллион теңгеден асады.
Жастар арасында белсенділігімен ерекше көзге түсіп жүрген ол биыл үш бірдей рационализаторлық жобаны қолға алыпты. «Өтіп бара жатқан пойыздар қозғалысын бақылайтын датчик» атты алғашқы жобасы комиссия құрамының көңілінен шыққан. Елді мекенге кіріп келе жатқан пойыз құрамының екі қапталынан екі метр биіктікте орналасқан датчик доңғалақтардың жағдайын бақылап отырады. Пойыз өтіп кеткен соң, прожектор сөніп, мәліметтер өңделе бастайды. Электр энергиясы үнемделеді, теміржол паркіндегі жарықтандыру нормалары бұзылмайды, әрі қауіпсіздік шаралары ескеріледі. Екінші жобасы ақпараттық мәлімет те өндіріске қажетті дүние.
25 жастағы Айзат Қожан теміржолшылар әулетінде дүниеге келген. Атасы мен әжесі жолшылар. Ал әкесі бүгінде Қалмаққырған станциясының бастығы. Анасы да болат жолда еңбек еткен. Отбасындағы төрт ұлдың төртеуі де бүгінде теміржолда еңбек етеді.
«Біздің ауылда мектеп болмады. Сондықтан, аудан орталығы Шұбарқұдықта мектеп-интернатта он жыл жатып оқыдым. Бүгінде жасым 25-ке толды. Әлі күнге ата-анамнан жырақта жүрмін десем де болады», – деп күлген Айзат Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесіне ауысқанына ай да болмапты. Оған дейін Қандыағаш жол дистанциясында еңбек еткен. Темір жолдағы жеті жылға жуықтаған еңбек жолын Шұбарқұдық жол дистанциясында жол жөндеуші болып бастаған екен.
Айзат өңірдегі жастар саясатын жүзеге асырушы белсенді жастар қатарында. Бурабайда екі рет жастар лагерінде болды. Өзінің озық идеялары мен жобаларын алып барып, замандастары арасында қорғап жүр. Астанада Ұлттық компания өткізген байқауда «Жас отбасы» номинациясының жеңімпазы атанды.
«Мен Темір ауданы Шұбарқұдық елді мекенінде жүргенде билік патриясының жастар қанатының белсенді мүшесі болдым. Көптеген шараларды ұйымдастырып, қоғамдық жұмыстарға көп араластым. Сол жерде жүріп алған тәжірибем темір жолда қажет болды деп ойлаймын, – дейді Үздік өнертапқыш ататнған жас теміржолшы.