
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Геннадий Геннадиевич Шиповских Қызылорда жүк тасымалы бөлімшесінің мәжіліс залында жергілікті теміржолшылармен кездесті.
Кезекті жұмыс сапарын өзі сайланған өңірдің ахуалымен танысу, Парламент қабырғасында қабылданып, талқыланып жатқан заңдармен теміржолшыларды таныстыру, мемлекеттік бағдарламалардың жергілікті жерлерде жүзеге асу барысымен танысу мақсатында ұйымдастырылған кездесуде жергілікті теміржолшылар өздерін толғандырған әлеуметтік бағыттағы сауалдарын, кешегі күнге дейін өздерімен әріптес болған, бүгінгі мәжілісменге жолдап, тиісті жауаптар алды. Сыр өңіріне келген халық қалаулысын теміржолшылар жылы қабылдады. Мәжіліс депутаты өңірге келіп тұрып, теміржолшыларға соқпай кете алмайтынын еш жасырмады. Геннадийдің негізгі жұмыс мақсаты жақында ғана қабылданған «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін насихаттау екен. –Ел алдына жаңа белестер белгілейтін «Мәңгілік Ел» патриоттық актісінің мән-маңызы ерекше. Мұнан туындайтын міндеттер күрделі. Бүгінгі таңдағы жаһандық әлеуметтік, қаржылық тұрақсыздық халықтың тыныштығына кері әсерін тигізбеу үшін Елбасының төңірегіне бұрынғыдан да тығыз топтасуымыз керек, – деді теміржолшылармен сұхбаттасқан Геннадий Шиповских. Парламент Мәжілісі депутатымен кездесу барысында темір жол саласы қызметкерлері заңнамалық тұрғыда шешуді қажет ететін мәселелер мен өздерін толғандыратын ойларын ортаға салды. Жалақыны көтеру, жұмыстың ауырлығына байланысты зейнет жасын төмендету секілді мәселелер айтылды. Мәжіліс депутаты кездесу барысында көтерілген мәселелерді үкімет назарына және тиісті органдардың қарауына ұсынатынын жеткізді. Сонымен қатар Геннадий Шиповских «Түркістан – Сексеуіл – Қосқол» аралығындағы пойыз диспетчерлерінің жаңадан ашылған «диспетчерлік шеңберімен» танысты.Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда