Тұрсын ҚАЛИМОВА, АТЫРАУ
Сақтықта қорлық жоқ
2 мин чтения
Биылдан бастап еліміздің темір жол вокзалдарына жолаушылар мен олардың жүктерін арнайы тексеруден өткізетін жүйе қолданысқа енді. Жолаушылардың қауіпсіздігін нығайту және террористік әрекеттерге байланысты азаматтардың қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында енгізілген құрылғылар арқылы өткен айдың өзінде Атырауда 280 адамнан қауіпті заттар анықталған.
Атырау темір жол вокзалының екі қабатында төрт құрылғы орналастырылған. Бұл құрылғылармен «Әскерилендірілген күзет қызметі» АҚ-ның аймақтық филиалдары қызметкерлері тексеру жүргізеді. Атыраулық инспекторларды аталған құрылғылармен жұмыс істеудің қыр-сырына Астанадан келген арнайы мамандар екі апта бойы оқытып, үйретіпті. Ал өз кезегінде, инспекторлар жұмыс істеуді меңгергендерін тәжірибе жүзінде дәлелдеп, арнаулы сертификаттар алған. Бұл туралы «Әскерилендірілген теміржол күзеті»АҚ-ның «Атыраутеміржол күзеті» филиалы жанындағы Тексеріп қарауды ұйымдастыру бөлімшесінің бас менеджері Ғайни Шонаев мәлімдеді.
–Вокзалдарға енгізілген құрылғымен жұмыс істеу үшін 77 адам қызметке қабылданды. Оның 71-і инспекторлар, 4 адам ауысым басшысы, екі адам басшылық қызмет атқарып отыр. Мамандарымыздың дені заңгерлік, техникалық мамандығы бар қызметкерлер. Күні кеше ғана біліктілігін арттыру курстарынан өтті. Құрылғылар жаз айында қондырылып, бүгінде вокзалға келген жұртшылықты іріктеп тексеру қызметін атқарып отырмыз. Өткен қыркүйек айында вокзал іші арқылы 88 мың 600 адам өтті. Солардың 8 мың 628 іріктеу арқылы тексергенімізде, 280 жолаушының қол жүгінен суық қару қатарына жататын тескіш, кескіш сияқты тағысын тағы заттарды анықтадық, – дейді Ғайни Шонаев.
Бастапқыда жаңа қондырғының орнатылып, жаңа қызметшілердің вокзалға кірген және шыққан адамдарды тексеруіне қатысты жұртшылық тарапынан түсінбеушілік те болған. Бірақ, уақыт өте келе халық мұның бәрі олардың өздерінің қауіпсіздігі үшін жасалынып жатқанын түсініпті. Жолаушылар қауіпті заттарды алып жүруге болмайтынын да түсіне бастаған.
«Сақтықта қорлық жоқ» демекші, көрші Маңғыстау облысының вокзалындағы тексеру кезінде жолаушының бірінен 25 оқ-дәрі тәркіленсе, біреуінің жүк сөмкесінен құжатсыз мылтық табылған. Мәне, осындай фактілер, адам көп шоғырланатын вокзал сияқты нысандарда қауіпсіздікті күшейтудің қажет екенін тағы бір дәлелдей түседі, – деген Ғайни Шонаев вокзал іші мен сыртында қосымша бейне бақылау камералары қондырылатынын да атап өтті.