Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ
Үйде келін, түзде теміржолшы...
2 мин чтения
Қазақ даласында қиырларды жалғаған күретамыр саналатын теміржол саласына әркім әр түрлі жолмен келеді. Бүгінгі кейіпкеріміз – Салтанат Әбішева да қозғалыс саласына бала кезден құмартқан көрінеді.
Әулетінде теміржолшылар болмаған соң, ата-анасы бойжеткен қыздары Салтанатты сұранысқа ие мамандықтың бірі деп мұғалімнің оқуына түсіреді. Әдептен аспаған ару ата-анасына қарсылық танытпай, үлкендер айтқан мамандықты игеріп шығады. Алайда өзі қаламаған істі дөңгелетіп әкете алмайды. Ойы онға, санасы санға бөлініп жүрген Салтанатқа теміржолшы жездесінің сөзі сәуле шашқандай болып, теміржол саласына бет бұрады. Осы салада 14 жылдан аса уақыт қызмет етіп келе жатқан Салтанат Әбішева теміржолда болашақ жарымен танысып, бас қосады.
–Теміржолға бала кезден қатты қызықтым. Жолға шыққанда вокзалда аяңдап отыратынбыз. Сонда вокзал қызметкерлерінің киім-киісін, жүріс-тұрысын бақылап, пойыздың келіп-кеткенін хабарлайтын кісінің даусына елітіп, отарбаның алыстан келе жатқан дыбысына елеңдеп отыратынмын. Осылайша таңғажайып әлемге еніп кететінмін... Бір қызығы жолдасыммен де тағдырымызды тоғыстырған осы теміржол болды, – деп жылы жымиған Салтанат бүгінде Жалтыр станциясында инженер-технолог болып қызмет етеді. – Бұдан бұрын КТЖ-ның Астана қаласындағы бас ғимаратында жұмыс істедім. Жалақым да, басқасы да жақсы болды. Жалтыр станциясында ата-енем тұрады. Балаларының бәрі аяқтанған. Мұнда өздері тұрып жатқандықтан жолдасым екеуміз «біз әлі қалада, жақсы жерде жұмыс жасап үлегереміз, алдымен үлкен кісілерге қызмет етіп, батасын алайық» деп осында көшіп келдік,– дейді.
Темірдей тәртіпті талап ететін салада тыңғылықты тірлік атқарып, станцияның тыныс-тіршілігінің тамырын басып отырған Салтанат Әбішева әріптестер арасында да сыйлы, жастарға тәлімгер ұстаз.