Бекәли АЛТЫН, Шымкент
Кезек – өтпелерде
2 мин чтения
Шымкент жол дистанциясы аумағында 10 қазан мен 9 қараша аралығында «Назар салыңыздар – өтпе!» айлығы жүріп жатыр.
Айдың басында Шымкент жол дистанциясының аумағындағы Қызылсай – Қазығұрт теліміндегі күзетілетін өтпеде локомотив пен жүк көлігі соқтығысқан. Пойыздың келе жатқанынан көрсе де, көлік иесі өтпекші болып, апатты жағдайға ұшырады. Дистанцияның жетекші-инженері Ақтолқын Жоланованың айтуынша, осыған орай айлық барысында Қазығұрт – Қызылсай, Қазығұрт – Сайрам аралығындағы рұқсатсыз салынған өтпелермен күрес жұмыстары жүргізілуде.
– Жергілікті тұрғындар рұқсат етілмеген жерден өтпелер салып алғандықтан, оларды бұзу үшін Шымкент станциясындағы ЖІІБ, қалалық әкімдерге хат жолданды. 17 қазан күні Қазығұрт – Қызылсай аралығындағы 11 шақырымның 3 пикетіндегі және Қазығұрт – Сайрам телімінің 4-шақырымындағы рұқсатсыз салынған өтпені жою үшін, көлік өтпейтіндей етіп, жолдың екі жағы қазылды. Айлық барысында өткелдерге барып, пойыз өтіп жатқанда тізіліп тұратын жүргізушілерге өтпеден өтудің тәртібі жазылған парақшалар таратылып, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Арасында рейдтік шаралар, түнгі уақытта өтпелерде жоспардан тыс тексерулер де өтуде. Апта басында Арыс жол дистанциясындағы 4 өтпені тексере келе, өтпенің жанында суағар мен жаяу жүргіншілерге салынған жолдың жоқтығын анықтаған. Осындай көзге көрінген кемшіліктерді түзеу ісі жоспарланып, алдағы уақытта оларды ретке келтіру қолға алынуда, – дейді дистанцияның жетекші-инженері Ақтолқын Жоланова.