Түлкібас жол дистанциясында 31- тамыздан басталып, қазанның соңына дейін жалғасып жатқан «Абайлаңыз! Темір жол – қауіпті аймақ» айлығы барысында дистанция мамандары Боранды, Құмшағал, Абайыл  бекеттерінде жергілікті тұрғындармен жиналыс өткізіп, қауіпсіздік жайын сөз етті.  Теміржолға жақын ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары жиналған жиынға Б.Момышұлы, Шақпақ ауылдарының әкімдері де қатысқан. Боранды бекетінде өткен тұрғындармен кездесуге 171 адам қатысып, теміржолшылар  теміржолда жүру ережелерімен таныстырған.  Бекет бастығы, ЖІІБ полиция қызметкерлері, Түлкібас жол дистанциясының еңбек қорғау инженері теміржолда жүру ережелерімен қоса жол бойында мал жаю тәртібін орындауды талап етіп,  балаларды алып жүргенде вагонның астынан өтудің соңы баланың әдетіне айналатынын қатаң ескертті.  Бір өкініштісі, темір жол жағасында тұратын тұрғындар мұның бәрін білгенмен, кейбірі орындауға құлықсыз. Ал осы немқұрайлықтың соңы бірде ажал құштырса, кейде сау адамды мүгедек етеді. Аталған дистанция инженері Аяужан Өтегенова теміржол бойынша балалардың жолаушылар пойызына тас лақтыруы тиылмай тұрғанын  жеткізді. Оған қоса, жұмыссыз жастар теміржол  құралдарын ұрлап сататынын да жасырмады.  Боранды бекетінің бастығы М. Сәрсенбаев, Құмшағал бекетінің бастығы А. Сүттібаев жиылғандарға осы аумақта болған қайғылы жағдайлар жайлы айтып берді. Теміржолшылар Абайыл бекетіндегі №21 бастауыш мектепте,  117 разъездегі №17 бастауыш мектепте де осындай жиын өткізіп, әсіресе балаларға қауіптен айналып өтуді қатаң ескертті.  

Динар МЕЙІРМАН, Шымкент