Бекбол Құлдан, Ақтөбе
«Үздік еңбек әулеті» аталуға лайық
2 мин чтения
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен еңбек әулеттері арасында өткізілетін «Еңбек жолы» байқауына теміржолшылар әулеттері де қатысып жүлдегер атануда.
Биылғы байқауға қатысып жатқандардың қатарында жиырмадан астам мүшесі Ақтөбе темір жолына қарасты мекемелерде еңбек ететін Жұбанышевтар әулеті бар. Бүгінде республикалық байқауға онлайн дауыс беру жүріп жатыр. Дауыс беру қорытындысы бойынша «Еңбек жолы» байқауының республикалық комиссиясы үш номинация бойынша «Үздік еңбек әулеті», «Өндірістің үздік жас маманы», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» лауреаттарын анықтайтын болады.
Аталған байқау жеңімпаздары 2017 жылдың 27 қазан күні Еңбек күнін мерекелеуге арналған «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» республикалық форумында марапатталады деп күтілуде.Бүгінде жергілікті билік әрбір дауыстың маңыздылығын ескере отырып, «Еңбек жолы» байқауына қатысатын ақтөбеліктерге белсенді онлайн дауыс беруге шақыруда.
«Үздік еңбек әулеті» номинациясына үміткер болып отырған Жұбанышевтар отбасы мүшелерінің темір жолда еңбек ететін ата-бала-немере, туған-туыстардың жалпы саны – 21. Әулеттің саладағы жалпы еңбек өтілі 420 жылдан асады.
Әулет басшысы Керей Жұбанышұлы 35 жыл теміржолдың жүк тасымалы саласында еңбек еткен, ҰОС ардагері қатарында, "Қызыл жұлдыз" ордені мен "Ерлігі үшін" медалімен тағы да басқа наградалармен марапатталған елі-жұртына қадірі артқан жан болды. Әке жолын жалғастырған жеті бала қазіргі таңда теміржолдың сан саласында жемісті еңбек етуде. Балалары мен немерелерінің бір шоғыры Қандыағаш сигнал беру және байланыс дистанциясында жұмыс жасап жатыр.
«Үздік еңбек әулеті» аталуға лайық бір әулет болса ол – Жұбанышевтер әулеті дейді жерлестері бірауыздан.