Динар МЕЙІРМАН, Шымкент
Бір атаның балалары
1 мин чтения
Бүгінде теміржолда бір атаның балаларынан құралған командалар пайда болды. Теміржолшылар әулеттерінен құралған командалар түрлі шараларда өзара жарыс ұйымдастырып, бақ сынасуы әр жерде көрініс тауып жүр.
Жуырда осындай жақсы бастаманың жалғасын Арыста көрдік. Ірілендірілген Арыс жол дистанциясының жетекші-инженері Омар Садыбеков 50 жасқа толу құрметіне теміржолшы әулеттер арасында футболдан ойын ұйымдастырды. Айта кету керек, күнгейдегі теміржолшылар арасында мерейлі жасқа толған әріптестерін құттықтаудың осындай үлгісі қалыптасып келеді. Игі бастамаға мұрындық болып, аймақтағы әулеттер арасында футбол ойынын ұйымдастырып жүретін бөлімшедегі диспетчерлік орталықтың электр-механигі Панзарбек Жаңабаевтың айтуынша, «Бір атаның балалары» бастамасы өз жемісін беріп жүр, салауатты өмір салтына негізделген мәдени демалыс бәріне ұнайды. Бұл жолы да теміржолшы әулеттің балаларынан төрт команда құралып, өзара жарысқан. Ойын нәтижесінде бірінші орынды Садыбековтер әулеті алса, екінші орын Ізбасаровтар әулетіне, ал үшінші орын Рысбеков әулетіне тиесілі болыпты. Мерейтой иесі жеңімпаз командаларға лайықты сый-сыяпат беріп риза етті.