Жақын күндері Астанада тұңғыш рет «Бақыт – әйелдер мекені» атты айрықша форум өткізілмек. Бірегей шараны ұйымдастырушы – өзінің 25 жылдық құрылу тарихына орай өткізіп отырған Қазақстанның салалық темір жол, автомобиль, әуе және су көлігі кәсіподағы. Аталған салалық кәсіподақ төрағасы Оразғали Ахметбаевтың айтуынша, бұл шараның қаншалықты маңызды екені белгілі. Себебі форум еліміздегі көлік саласының сан алуан түрлерінен өкілдерді жинап, олардың тұрақты даму жағдайында әлеуметтік қорғау, ана мен баланы қолдау, демографиялық ахуалды жақсарту, қазіргі заманғы әлемде әйелдердің өзін-өзі кәсіби дамытуы мен тұлғалық мәселелерін шешуде әйелдер қозғалысын белсендіру үшін жаңа мүмкіндіктер ашпақ. Форум аясында бірқатар кездесулер мен семинар-тренингтер өткізілмек, ал оны өткізудің өзі әйелдерді әлеуметтік-құқықтық қорғау мәселелерін шешуде қолданыстағы механизмге айналмақ, демек, мемлекеттің өркендеуінің негізі – отбасы мен балалар екені тағы айғақталмақ. Сонымен бірге форум жұмысына оның қосалқы ұйымдастырушылары да қатысады, олардың ішінде «Қазақстан әйелдері қауымдастығы» ҚҰ, «Келешек»  психологиялық орталығы және тағы басқалары бар. Сондай-ақ форум жұмысында кәсіподақ комиссиясымен бірге еңбектегі әйелдер мәселесі бойынша қатысушылар ұсыныстарының негізінде Үндеу жобасы дайындалмақ.

Әсел ШАЙХЫНОВА