Астана тораптық ардагерлер кеңесінің бір топ мүшесі электрмен жабдықтау дистанциясында болып,  мекемеден ардагерлер кеңесінің төрағасын сайлады.   Байырғы теміржолшылар мен дистанция қызметкерлері қатысқан кездесуде дистанция бастығының орынбасары Медет Хасенов  мекемеде  бүгінгі таңда 139 ардагер теміржолшы барын мәлімдеп, электрмен жабдықтау дистанциясы ардагерлер кеңесінің төрағалығына ұжым атынан байырғы теміржолшы Тұрлыбек Әшірбековты ұсынатындықтарын жеткізді. Бұдан кейін сөз алған Астана тораптық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәшүр Жабағин кеңес жұмысының қыр-сырын баяндап, келісіп пішілген тонның келте болмайтынын тілге тиек етіп, ұжымның ұсынысын дауысқа салуды сұрады. Нәтижесінде көпшіліктің  бірауыздан қолдауымен Тұрлыбек Әшірбеков электрмен жабдықтау дистанциясы ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланды.   –Ұзақ жыл өзім қызмет еткен мекемені зейнетке шыққаннан бері сағынып жүргенім рас еді. Бүгін ардагерлер кеңесінің төрағалығына ұсынғандарыңызға рахмет, қолдан келгенше әріптестер сенімін ақтауға тырысамын, – деді өз кезегінде Тұрлыбек Әшірбеков. Басқосудан соң ардагерлер мекемені аралап көріп, жұмысшылардың өндіріс орындарымен танысып, ақыл-кеңестерін берді.

Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ