Райхан РАХМЕТОВА
Күрделі жөндеу аяқтауға жақын
2 мин чтения
Жол шаруашылығының алдында тұрған ең күрделі де жауапты міндет – темір табанды жолды сауықтыру шараларын сапалы әрі уақтылы жүзеге асыру. Биылғы жылға белгіленген күрделі жөндеу әне-міне мәреге жетпек. Жалпы жоспарлы жол жөндеу жұмыстары күздің екінші айы басталып, кей аймақтарды қыстың нышаны сезілсе де, әлі жалғасуда.
Айталық, 2017 жылға мердігерлік жолмен 317,5 км жолға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған болса, соның бүгінгі таңға 315,5 км бойынша жұмыстар толық аяқталған. «Теміржол жөндеу» ЖШС қараша айына 3,3 км жолды жөндеуге жоспар құрып, соның бүгінге 1,2 км бойынша жұмыстары біткен.
Жол жөндеу мен жол табанын сауықтыру жұмыстары кешенді жол машиналарын қолдана отырып та жүргізілуде. Атап айтқанда, RM машиналарымен 281 км жолдың жер төсемдері нығайтылып, 3978 км жол Дуамат кешенімен жөнделуде. Сонымен қатар «Атлас» пойыздары арқылы 2840 км жолдың рельсі тегістеліп, тағы 1201 км жолға түзетілу жүргізілуде.
Ұлттық компанияның жол және имараттар департаментінің күрделі жөндеу бойынша 1 деңгейлі бас менеджері Нұрлан Асбековтің айтуынша, осы жылға 77,74 км орташа жөндеу жүргізу жоспарланған болса, соның барлығы бүгінгі таңда толық жасалып біткен. Мердігерлер қатарында «Теміржол жөндеу» және «Жол жөндеуші» компаниялары талай жыл сыннан өткен, жол салу мен жол жөндеуде кәсібилігі жоғары маманданған кәсіпорындар екені де белгілі. «Теміржол жөндеу» ЖШС-нің филиалы «Астана ПМС» мекемесі жаздан бері өз телімдерінде 57 км жолды күрделі жөндеуге жоспар құрып, соны толық орындап шықты. Олар жоспарлы жұмыс барысында Тастақ – Жайнақ, Жайнақ – Астана және Төңкеріс-Астана бағыттарындағы үш телімдегі күрделі жөндеуді шілдеден бастап күзге дейін жалғастырды.
Жолды күрделі жөндеу соңғы жылдары әсіресе, жолға жаппай темірбетон шпалдар төсеумен ерекшеленеді. Сонымен қататр, Ақтөбеде шыққан отандық рельстер төселуде.