Ұлан ОРАЗ
Алғашқы пойыз астық апарды
2 мин чтения
Таяуда ғана ашылған Баку – Тбилиси – Карс магистралі арқылы Қазақстаннан аттанған алғашқы пойыз Түркияға жетті. Осы елдің Мерсин қаласына 600 тонна астық жеткізілді.
Осылайша, Қазақстаннан Түркия еліне табан тіреген алғашқы пойызы ырыс-құттың белгісіндей астық тасымалымен есте қалатын болды. Бұл туралы еліміздің және түрік елінің басылымдары да жарыса жазып жатыр. 30 контейнерлік жүк тиелген пойыз Карстан Мерсинге дейін 1258 км жолды 30 сағатта жүріп өткен.
Ал аталған Баку – Тбилиси – Карс жаңа теміржолының ресми ашылуы 30 қазанда Баку қаласынан 90 км жердегі Аляты селосында өткені белгілі. Ұзындығы 846 км құрайтын аталған жаңа темір жол Әзербайжан – Грузия – Түркия елдері арасындағы халықаралық келісім негізінде салынды. Жоба он жыл бұрын жүзеге асырыла бастады. Бұл сонымен қатар оңтүстік Кавказ темір жолдарын Түркия арқылы Еуропаға қосу бойынша ғаламат жобаның бір бөлігі саналады. БТК темір жолы Еуропаның темір жол желілерімен Босфор бұғазындағы «Мармарай» су асты туннелі арқылы бірігеді. Бұл магистральдың Қазақстан үшін Қара және Жерорта теңіздеріне шығуына мүмкіндік беретін жаңа бағыт екені атап айтылған болатын. Sputnik-Армения агенттігінің хабарлауынша, бұл темір жол ең бірінші кезекте Қазақстан үшін тиімді болып отыр, өйткені Қазақстан Каспий теңізіндегі теңіз тасымалы арқылы Түркия мен одан әрі Еуропаның пайдалану нарығына шығуына мүмкіндік алады. Сарапшылар БТК бір бөлігі болып табылатын көліктік күретамырдың бойындағы барлық елдер, атап айтқанда Түрікменстан, Өзбекстан, Пәкістан, Ауғанстан, Үндістан үшін де бұл жолдың пайдасы зор болмақ деп бағалауда. БТК-ның ашылуы Қытайдан Еуропаға бағытталатын тікелей темір жол тасымалын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл мұхит арқылы тасымалдың баламасына айналып, тауардың жолдағы уақытын екіден көп есеге, яғни 12-15 күнге қысқартады. Ол тек Шығыс-Батыс ғана емес, сонымен қатар Оңтүстік-Батыс дәлізінің де дамуына серпін бермек. Жаңа жолдан жыл сайын 50 млн тонна жүк тасымалдау жоспарланып отыр. Ал осы бағыттағы жолаушылар тасымалы келесі жылы жүзеге асырылмақ. Бастапқыда аталған темір жолмен жылына 1 млн жолаушы және 6,5 млн тонна жүк тасымалдау көзделуде. Жалпы алғанда БТК халықаралық темір жол жобасын жүзеге асыру және Босфор бұғазында темір жол туннелін салу оған қатысты елдердің транзиттік әлеуетін арттырып, өзара ынтымақтастықты нығайта түсуге, сыртқы экономикалық байланыстарды кеңейтуге оң ықпал ететін болады.