Жуырда тәртіп сақшылары "Атырау – Маңғыстау" жолаушылар пойызында жалғыз өзі келе жатқан жасөспірімді анықтаған. Кәмелеттік жасқа жетпеген жеткіншек Маңғыстау станциясына жол тартқан... Ол пойызға қалай, қайдан отырды? Билетті қайдан алды? Қолданыстағы ережеге сәйкес, сәбилер ғана емес, он бес жасқа толмаған жеткіншектерге де жеке билет сатылмайды. – Бала пойызға Бейнеу станциясынан мінген. Қолында жалпы вагонның билеті болған. Жасы 14-те. Өзі Бейнеуде тұрады. Ақтауға келген соң Жаңаөзеннен  әжесі кепілхатпен келіп алып кетті. Біз енді бұл балаға заңды өкілінсіз  билет сатқан касса мен билет нөмірін алып, материалды құзырлы темір жол мекемесіне жолдаймыз, – дейді Ақтау станциясындағы желілік ішкі істер бөлімінің инспекторы Жәнібек Абилакимов. Бұл Ақтау станциясында желілік ішкі істер бөлімі ұйымдастырған үш күндік "Жасөспірім" жедел алдын алу шарасының бірінші күні болған жағдай. Сол күні бұдан басқа тағы 8 кәмелетке толмаған жасөспірім беймезгіл уақытта жүргені үшін балалар бөліміне жеткізілген. Олар полицейлердің назарына темір жол маңында, перрондарында жүргенде іліккен. Жалпы жыл басынан бері белгіленбеген уақытта үйден тыс жерде заңды өкілінсіз жүрген жерінен бөлімге 29 бала жеткізіліп, бірқатарының  ата-анасына тиісті әкімшілік жаза қолданылған. Осындай деректерді болдырмау мақсатында желілік ішкі істер бөлімінің өкілдері жедел профилактикалық іс-шара аясында мектеп оқушыларымен кездесулер ұйымдастырып, жеті орта мектепте болыпты. жүргізген.  Әрине, кейбір ата-аналар 13-14 жасар балаларын жалғыз жіберудің еш сөкеттігі жоқ, ересек деп санайды. Бірақ, әлі ақыл тоқтатпаған, алып-ұшып тұрған баланың қауіпсіздігіне кім жауап береді? Әрбір ата-ана осыны ескеруі қажет деп санайды тәртіп сақшылары.

Шахида САРИНА, Маңғыстау