Ерман Әбдиев, Тараз
Түлектер аллеясы ашылды
2 мин чтения
Еліміздегі теміржол мамандарын даярлап отырған Тараз қаласындағы Тараз теміржол колледжінде Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында түлектер аллеясы ашылды.
Оқу орнының кешегі-бүгінгі түлектері қатысқан шарада Елбасының аталған бағдарламалық мақаласында көзделген жоспарларды іске асыру мақсатында Тараз теміржол колледжі мен облыстық тарихи өлкетану музейі арасында бірлескен екі жақты меморандумға қол қойылды. Аллеяның салынуына оқу орнының әр жылдардағы түлектері демеушілік етті. Ол колледж жатақханасы мен бас ғимаратының жанында орналасқандықтан болашақта студенттердің ең сүйікті орнына айналатыны сөзсіз. Себебі онда орындықтар мен шатырлар орналасқан. Жиында аталған колледж директоры Нұржан Нұралиев Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы мақсат-міндеттер негізінен жастарға бағытталғанын тілге тиек етті
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аталған мақаласы – тәуелсіз қазақ елінің болашағына бағыт-бағдар беретін аса маңызды құжат. Бүгінгі шара осы мақала аясында жүзеге асырылды, ол Отан, ата-ана алдындағы парыз бен қарызды жастардың бойына сіңіріп, санасына сілкініс әкелетін қадам деп ойлаймын. Ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, бүгінгі ұрпағына аман-есен жеткізген атамекенге адалдық идеясы деп қабылдау қажет, – дейді Нұржан Тоқбергенұлы. Түлектер аллеясы салтанатты түрде ашылып, оның лентасын қию рәсімін «Дніпро» украин этномәдени ұйымының жетекшісі, колледждің 1966 жылғы түлегі Федор Клименко, ардагер ұстаз Қасым Құрбанов, қалалық деңгейдегі қоғамдық кеңестің мүшесі, колледждің 1966 жылғы түлегі Алпысбай Смайловтар жасады. Салтанатты шарадан соң қатысушылар аллеяға 25 түп арша ағашын отырғызды.