Асқар Ақтілеу, Ақтөбе
Бейнеттің зейнеті бар
2 мин чтения
Ақтөбе теміржол вокзалының аға билет кассирі Күлбаршын Жалиманова Тәуелсіздік күні қарсаңында туған күнін атап өтпек. Зейнет жасына толып, құрметті еңбек демалысына аттанғалы отырған ана ендігі миссиясы – немере тәрбиесі екенін айтып ағынан жарылды.
Әрине, 35 жыл теміржолдың айғай-шуы көп, мазасыз саласында еңбек еткен әйел адамның сол бейнетінің зейнетін де көруі заңдылық. «Немере күтіп отырмыз. Құдай амандығын берсе, санаулы күнде әже атанып, зейнетке шыққан соң тек сол баламның баласын бағып отырсам деген арманым бар...» деген ана тілегіне біз де қосылдық.
1959 жылы 15 желтоқсанда Ақтөбе жол бөлімшесіне қарасты Жем станциясында теміржолшылар әулетінде дүниеге келген Күлбаршын апай 1977 жылы Алматы теміржол инженерлері институтына түсіп, бес жылдан соң туған Ақтөбесіне қайта оралып, содан бері жолаушылар тасымалы саласында еңбек етіп келеді. Жолаушылар пойыздарында орындарды үлестіру, жолаушылар қызметі, жолаушылар бөлімдерінде де қызмет атқарыпты.
Соңғы 25 жылда Күлбаршын Қасенқызы билет кассасында. Бірде жай кассир болды, бірде алымдар бойынша меңгеруші, тағы бірде касса қызметінің жетекшісі қызметтерін атқарған. Бүгінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ Батыс аймақтық филиалында, ауысыммен жұмыс істейтін ол төрт кассаның үстінен қарайтын аға билет кассирі.
«Жұмысым өзіме ұнайды. Екі күн жұмыс істеп, екі күн демаламын. Таңғы сағат тоғыздан кешкі тоғызға дейін кассадамыз. Негізінен қыз-келіншектер, мені үлкен көріп кейде ақыл-кеңес сұрайды, тұрмысқа қатысты мәселелерімен бөліседі. Қысқасы, ұжым да отбасым секілді болып кеткен, бірі қызым, бірі келінім, бірі құрбым секілді, ертең пенсияға кеткенде сағынатын шығармын», – деп уайымын да жасырмады Күлбаршын апай...