Ерман Әбдиев, Тараз
Тоғызқұмалақ – ұлттық мұра
2 мин чтения
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облыстық «Тоғызқұмалақ қазақ ұлттық ойын қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің» алғашқы төрағасы, Құрметті теміржолшы, Сағымбек Ақшалов құрметіне арнайы сайыс өтті.
Қос күндік аламанда облыс орталығы мен аудандардан 74 спортшы бақ сынады. Төл мерекемізді ұлықтап, аталмыш қауымдастықтың алғашқы төрағасы Сағымбек Ақшаловтың еңбегін дәріптеп, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруды мақсат еткен жарысқа қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алдияр Түсіпов, қалалық мәслихаттың хатшысы, аталмыш қауымдастықтың төрағасы Батырбек Құлекеев қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
– Елімізде қазіргі уақытта ұлттық ойындар, соның ішінде тоғызқұмалақ спорты қарқынды даму үстінде. Бұл ойын – ұлттың коды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық спортты түлету жөнінде жан-жақты айтылды. Міне, қауымдастық арқылы біз өңірде төл спорттың тынысын кеңейтіп, мұынмен шұғылданатын жас спортшыларымыздың қатарын арттырамыз, – деді қауымдастық төрағасы Батырбек Әбдірәсілұлы.
Аталмыш қауымдастықты он жылға жуық уақыт тізгіндеген Сағымбек Ақшалов атындағы турнир бірінше рет ұйымдастырылып отыр. Сайыста ересектер мен жастар 4 топқа бөлініп тартысты ойын өрнегін салды.
–Тоғызқұмалақ ойыны – спорттың жоғары дәрежелі зияткерлік түрі. Үлкен шыдамдылықты, шығармашылық ойлауды және өзін-өзі ұстай білуді талап етеді. Басқа спорттың түрлеріне қарағанда, бұл ойында ой жүйріктігі аса қажет. Сайысқа қатысушылар қарсыластарына дес бермей, жеңімпаз атану үшін барын салды, – дейді жарыстың бас қазысы Гүлнұр Парымбекова.
Ойын қорытындысы бойынша тараздық Гүлжан Нұрланқызы, Ернұрсұлтан Боранбай және Ербол Нұрханов пен қордайлық Камила Лепесовалар үздік шықты. Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен демеушілер есебінен бағалы сыйлықтар тарту етілді.