Ұлан ОРАЗ, Маңғыстау
Тұрақты назарда
2 мин чтения
Белгіленбеген жерден теміржолды кесіп өту мәселесі жауыр болған тақырып болса да, еңбек қорғау инженерлерінің міндетіне кіретін шараны олар тоқтатпай, өткізе береді.
Маңғыстау станциясында «Абайла, қауіпті аймақ!» атты рейдтің жыл басынан бері жетеуі өткізілген. Оның аясында тұрғындармен 10 рет кездесу ұйымдастырылып, 176 адамға түсіндіру жұмыстары жүргізіліпті. Желілік тәртіп сақшылары және құрылымдық бөлімшелердің өкілдерінің қатысуымен өтетін шара барысында 42 адамға ескерту берілген.
–Бұлар тек рейд барысында анықталғандары ғана. Одан басқа уақытта қаншама тұрғын жолды белгіленбеген жерден кесіп өтіп немесе вагонның астынан өтіп өмірлерін қауіпке тігуде. Біздің бұл шарамыздың қаншалықты нәтиже беріп жатқанын білмейміз. Оны халықпен кездесу барысында өздері де біздің бетімізге басып, көпір салмаса осылай болады деп жатады. Бірақ біз өз міндетімізді атқарып, көпшілікке түсіндіруімізді тоқтатпаймыз, - дейді Маңғыстау станциясының еңбек қорғау инженері Айгүл Аяпова.
Әр мекемедегі еңбек қорғау инженерлері рейдті ұйымдастыру мен өткізуден бөлек теміржолшыларға жұмыс киімдерін үлестіру, өзге өңірлерде болған жазатайым оқиғаларға қатысты жеделхаттармен қызметкерлерді таныстыру сынды жұмыстармен айналысады. Әсіресе, оқыс оқиғаларға қатысты жеделхаттарды келгеннен кейін 3 күн ішінде бәріне таныстырып үлгерулері керек. Ал ай сайын ұйымдастырылатын рейд алдағы уақытта да жалғасын тауып, жыл соңына дейін тағы бесеуі өткізілмек.