Өткен жылдың 25 қарашасында Жаңаөзен қаласының Теңге кентіндегі темір жол өткелінде болған апатқа орай «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Қанат Алпысбаевтың тапсырмасымен Жаңаөзен қалалық ауруханасына қажет дәрі-дәрмек жеткізілді. Құны 5 миллион 26 мың 390 теңге тұратын медикамент Ақтау қаласындағы «Медсервис плюс» ЖШС орталығынан сатып алынған. Дәрі-дәрмекті Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің бастығы Нәжимедин Ғұбашов пен жүк тасымалы бөлімшесінің Кәсіподақ комитетінің төрағасы Әзірбай Тұрмағанбетов барып табыстады.– Күні кеше болған оқиға жаңаөзендіктердің ғана емес, күллі қазақ елінің қабырғасын қайыстырды. Елдің елдігі танылатын осындай қиямет-қайым заманда азаматтық танытып, асарлататын ағайынның барына тәубе дейміз. Апат орын алған сәттен күні бүгінге дейін аяғынан тік тұрған аурухана ұжымына алғысымыз шексіз. Еңбектеріңіз жемісті болсын лайым. Қаралы, азалы отбасыларына сабыр тілейміз, – деді өз сөзінде Н.Ғұбашов. Қалалық аурухананың бас дәрігері Мұрат Сарыев теміржол басшылығына ризашылықтарын білдіріп, игілікті іс үшін алғыс айтты. Медициналық мекеме өкілдерінің мәлімдеуінше, өткелдегі оқиға болған күні науқастарға қажеттінің барлығы аурухана резервінен алынған. Енді соның орны толықтырылып отыр. Бүгінде апаттан аман қалғандардың 25-і емделіп үйлеріне шықса, 2-сі әлі күнге ауруханада ем алуда екен.– Емделіп шыққан пациенттердің кейбіреулері әлі де амбулаториялық бақылауда, күндізгі стационарда ем қабылдауда. Кейбіреулері жұмысқа, студенттер оқуға барып жүр. Қазір екі адамның денсаулығы ерекше назарда, біреуінің аяғына қатысты, екіншісінің бас сүйегіне жасалған ота бойынша, – дейді бас дәрігер.