Шымкент вокзалына тәулігіне 5000-нан астам  жолаушы қатынайды. Күніне тоқтайтын 18-20 жолаушылар пойызының ішінде Алматы мен Астанадан келетін жолаушылар тасқыны көп. Келген-кеткен жолаушы пойыздарына ағылған қалың нөпір халық бұрын вокзал есігіне сығылыспай, көпшілігі сыртқы қақпадан өтетін. Соңғы жылдардағы лаңкестік оқиғалардың орын алуынан кейін сақтық шаралары алынып,  қақпаға құлып салынды, енді барлық жолаушы тек вокзал есігі арқылы ғана қалаға кіреді, перронға шығады.  Бұл өз кезегінде бірнеше пойыз қатар келгенде  кәдімгідей кептеліс туғызып отырғаны жасырын емес. Соңғы жылдары Ақтөбе, Алматы қалаларында өткен лаңкестік оқиғалардан кейін халық көп жүретін вокзал, әуежайларда сақтық шаралары қатаңдатылғаны  белгілі.  Өткен жазда вокзалда тексеру құралы орналастырылғасын  жолаушы халықтың  бәрі, қол жүгі түгел  тексеруден өткізіледі.  Яғни,  қаладан кіретін адамның бәрі тек вокзал ішімен өтіп, затын тексеруден өткізеді. Ал пойыздан түскен халық  үшін бір есікке кептеліскен  қолайсыздықты жою үшін  қосымша басқалай амал  қарастыру қажеттігі байқалады.  Вокзал ғимаратына кірмей, сырттан өтетін  қақпа болса тиімді болар еді деген өтініш айтады жолаушы халық. 

Динар МЕЙІРМАН, Шымкент