Ерман Әбдиев, Жамбыл
Бақылау – қырағылықты арттырады
2 мин чтения
Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі мен жергілікті полиция қызметі бірлесіп темір жол өткелдеріне рейд жұмыстарын жалғастыруда. Бұл жолғы шара Қант зауыты алқабына баратын жолдағы Қаратау өткелінде ұйымдастырылды.
Онда алдын ала дайындалған сценарий бойынша дабыл ойнатылып, оны елемеген көлік жүргізушілеріне құқық қорғау саласының мамандары хаттамалар толтырды. Мұндай олқылықтың көз алдында орын алып жатқанын көрген Жамбыл ЖТ бөлімшесінің басшылары түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жүргізушілердің заңға бағыну қажеттігін қатаң ескертті. Осы орайда еске сала кетсек, өткен күзде Маңғыстау жол бөлімшесінде пойыз бен қоғамдық көлік соқтығысып, салдарынан 9 адам қайтыс болған болатын. Ол апатта көлік жүргізушісі соғылған дабылды ескермегені белгілі болған. Жүргізілген рейд барысында шынында жүргізушілердің көпшілігі соғылған дабылды ескерместен өтіп кетіп жатты. Сондай-ақ, олар сала мамандарына мұндай ережені білмейтінін алға тартып, ендігі жерде ескеріп жүретіндіктерін жеткізіп жатты. Расында, жүргізушілердің көпшілігі міндетті түрде шлагбаум түскен жағдайда тоқтау керек деп түсінетін көрінеді. Шын мәнінде дабыл қоңырауы соғылған сәтте тоқтап, темір жолға зер салу қажеттігін талай жүргізуші бүгін біліп отырғанын айтты.
– Бүгінде көп жүргізушілер темір жол өткеліндегі дабылды ескере бермейді. Салдарынан түрлі апаттар орын алады. Бір ғана мысал, Маңғыстау облысындағы апаттың салдары бүкіл елдің қабырғасын қайыстырды. Сондықтан ондай апаттардың алдын алу, болдырмау үшін барлығымыз жауаптымыз. Бүгінгі шара сондай апаттардың алдын алу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Және мұндай рейдтар жыл ағымында жалғасын табады, – деді Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Берік Ақшалов.