«Транскаспий халықаралық көлік бағдары» халықаралық қауымдастығы» ЗТБ ынтымақтастық шекарасын кеңейтіп, елдер арасындағы қашықтықты қысқартпақ. Бұл туралы осы жылы 17 қаңтарда қауымдастығының штаб-пәтерінде өткен кездесуде айтылды. Оған Қазақстанның халықаралық теңіз порттары, грузиндік Анаклия халықаралық теңіз порты, KTZE-Khorgos Gateway құрғақ порты және «KTZ Express» АҚ мультимодальды көліктік-логистикалық операторының өкілдері қатысып, олар келіссөздер барысында болашағы зор ынтымақтастық, тәжірибе алмасу, Транскаспийлік бағдар бойынша тасымал мүмкіндіктерін пайдалану мәселелерін талқылады. «Anaklia Development Consortium» бас директоры Леван Акхвледиани Анаклия портының мүмкіндіктері туралы мәліметтермен таныстырды. B2B кездесуінен кейін «Құрық порты» ЖШС-нің «ТХКБ» халықаралық қауымдастығы қатарына өтуі туралы келісім-шартқа қол қойылды.  Еске сала кетсек, былтыр 15 қарашада Баку қаласында өткен жалпы жиналыста осы серіктестікті қауымдастық мүшелігіне өткізу туралы шешім қабылданған еді.   Аталған «ТХКБ» қауымдастығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесудер қорытындысында сонымен қатар «Құрық порты» мен «Anaklia Development Consortium» ЖШС-тері арасында, «KTZE-Khorgos Gateway» ЖШС мен «Anaklia Development Consortium» ( Анаклия порты) арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Қол қою рәсіміне Грузияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Зураб Абашидзе қатысты. Қол қойылған құжаттар Транскаспийлік халықаралық көлік бағдары жолында орналасқан елдердің компанияларының алдағы уақыттағы өзара тиімді ынтымақтастығын дамытуға, іскерлік қатынастарын нығайтуға арналған.

Райхан РАХМЕТОВА, Астана