Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Екі мыңнан аса адам тексеруден өтті
1 мин чтения
Шілде айының 8-20 аралығында «Денсаулық» пойызы Сыр бойындағы үлкенді-кішілі 13 темір жол станциясына аялдап, жергілікті тұрғындарға медициналық қызмет көрсетті.
Медициналық пойызда екі апта бойы жұмыс жасаған «Апаттар медицинасы теміржол госпитальдары» АҚ филиалы Қызылорда темір жол ауруханасының 17 маман дәрігері станциялар мен бекеттердегі 2195 тұрғынға дәрігерлік қызмет көрсетіп, олардың денсаулығын бақылаудан өткізген. Олардың 415-і балалар, қалғаны ересектер мен зейнеткер екен. Дөңгелек үстіндегі жылжымалы медициналық пойыз дәрігерлеріне денсаулығын бақылатып, тиісті ақыл-кеңесін Сұлутөбе станциясында – 253, Майлытоғайда – 140, Тартоғайда – 203, Бәйгеқұмда – 179, Екпіндіде – 167, Төменарықта – 201, Жаңақорғанда – 219, Аққұмда – 157, Талапта – 162, Бесарықта – 203, Сауранда – 144 және Шорнақ станциясында 157 тұрғын медициналық тексеруден өтіп, дәрігерлердің көмегін алған.
Жалпы жылжымалы емхана дәрігерлері өңір тұрғындары арасында глаукома, қант диабеті, ас қорыту жүйесіндегі ауытқу, жатыр қуысының қатерлі дерті, гипертония, жүйке жүйесінің бұзылуы, түрлі дәрежедегі қуық дерті, зәр шығару жүйесінің ақауы, көз ауруы, тыныс жүйесінің кем-кетігі мен жүйке жүйесі аурулары, сүйек жүйесі және темір жетіспеушілігінен қан аздығы секілді ауру түрлері кең тарағанын айтып отыр.