Атырау жол дистанциясының дефектоскопия цехы жуырда ғана «АВИКОН-31» деп аталатын заманауи құрылғымен толықты. Әрқайсысының құны 7,5 млн теңге тұратын жаңа заман құрылғысының 5 данасы сатып алынып, бүгінде Атырау аймағындағы теміржол учаскелеріне бөлініпті. –«АВИКОН-31» атты рельстердің ақауларын іздейтін заманауи құрылғы биылдан бастап біздің салада қолданысқа енгізілді. Оның бұрынғы қондырғылардан ерекшелігі сол, жаңашылдығында, яғни жаңа қондырғы рельс бойындағы ақауларды рентген секілді компьютерде операторға ап-анық көрсетеді. Операторлардың күнбе-күнгі жұмыс қорытындысын Атыраудағы біздерден өзге, Ақтөбе және Астанадағы талдау бөліміндегі жауапты адамдар да бақылай алады. Демек, жаңа қондырғының пайдалануға берілуімен бірге операторлардың жұмысына бақылау мен жауапкершілік те күшейеді, – дейді 9-шы Атырау жол дистанциясының дефектоскопия цехының шебері Сапаш Шомиров. Айтарлығы, жаңа қондырғыларды меңгеру үшін дефектоскопия цехының шебері Сапаш Шомировпен бірге 5 оператор Ақтөбе қаласында бір апталық арнайы курста оқып, жаңа дүниенің «тілін» меңгеріп келіпті. Атырауға арнайы бөлінген 5 жаңа құрылғының 1-уі Сағыз – Мақат бөлімшесіне, ал Атырау – Мақат және Ганюшкин – Атырау бөлімшелерінің әрқайсысына 2 құрылғыдан бөлінген. Ақтөбе қаласындағы оқу-меңгеру курсында білім жетілдіріп келген соң, Сапаш Шомировтың бақылауымен Ганюшкино және Атырау бөлімшелерінің операторлары Жасұлан Қорғанбаев пен Жеңіс Аманғалиев жаңа қондырғыны теміржол табанына салып, алғашқы бақылау-тәжірбие жұмыстарын жүргізді.Жаңа қондырғыны меңгеру еш қиындық туғызбағанын айтқан операторлар, «құрылғының дыбыс беруі мен рельс бойындағы ақауды компьютерде көрсетуі –теміржолда болуы ықтимал апаттардың алдын алуға орасан зор көмегін тигізеді» дейді.