Кәмелетке толмағандардың құқын қорғау, олармен байланысты темір жолда, перрондарда, темір жол көлігінде кездесетін түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Маңғыстауда  «Қадағалаусыз жасөспірім» жедел алдын алу шарасы мен «Жасөспірім-Заң-Қауіпсіздік» акциясы жүруде. Ақпанның 19-ында басталған науқан 24-іне дейін жалғасады. – Бірінші күні жасөспірімдерге қатысты деректер тіркелмеді. Екінші күні Маңғыстау станциясынан №377 "Алматы-Маңғыстау" пойызымен түнгі мезгілде ата-анасы немесе заңды өкілінсіз Бейнеуге аттанғалы тұрған 2 жасөспірім кездесті. Жеткіншектер теміржол вокзалындағы полиция бөлмесіне жеткізіліп, ата-аналарына ҚР ӘҚБтК 442-бабының 2-бөлімі бойынша ескерту берілді. Балалар бұл әрекеттерін "Жарысқа бара жатырмыз" деп түсіндірді. Айтуларынша, Бейнеуден Ақтау қаласына қатынап оқиды екен, қалай болған күнде де заң бойынша кәмелетке толмаған жас баланы жалғыз жіберуге болмайды, – дейді Ақтау станциясындағы ішкі істер желілік бөлімінің учаскелік инспекторы Жәнібек Абилакимов.    Аталған жұмыстарға ішкі істер бөлімінен 17 қызметкер бөлінген. Осыған дейін олар түрлі мекеме өкілдерімен, атап айтсақ, "Нұр Отан"  партиясының Мұнайлы аудандық филиалынан Данияр Ішберген, Мұнайлы аудандық прокуратурасынан Марат Оқапов, білім бөлімінен Шархат Жоланова, Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінен Жарас Жоланов, магистральдық желі бөлімшесінен Марлен Көктеубаевпен бірге бірнеше мектепті аралап, түсінік жүргізген.

Шахизат Сарина,

Маңғыстау