Елордадағы алты қабатты «Нұрлы жол» вокзалының, жалпы жүз мың шаршы метр аумақты алып жатқан ғажайып ғимараттың көркі гүлдей жайнаған қыз-келіншектер десек, артық айтпаспыз. Ақындарша бейнелеп айтатын болсақ, қырық қыздан құралған ұжым бүгінде тәулігіне отыз бес мың жолаушыны қабылдайтын вокзал кешенінде халыққа түрлі сервистік қызмет көрсеттеді. Жалпы вокзал кешеніндегі жүз отыздан аса қыз-келіншектердің көбі – жас мамандар. Үш тілде еркін сөйлейтін олардың көпшілігі жоғары білімді.  Кешен ашылғалы бері халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келе жатқан, кішіпейіл, ізетті де қонақжай қыздар зәулім ғимаратқа кірген жанның  алдынан шығып, кез келген сауалға жауап беріп, бағыт-бағдар беріп, жол нұсқайды. Сапарлап шыққан әр адамның алғысын алады.   Бірдей форма киген кілең сұлу қызды көрген жолаушылар құдды жұмақтағы хор қыздарымен жүздескендей күй кешетіні анық. Тіпті кейбір жас жігіттер қыздарға селфи, суретке түсейік деп жалынады екен. Жолаушылар ағынын, кезегін, қауіпсіздігін, электронды билет сату үдерісін қадағалайтын қызметкерлер күндізгі және түнгі ауысыммен жұмыс жасайды.  Бір ауысымда жетпіс адам алмасып жұмыс істесе, солардың тең жартысын нәзік жандар құрайды. Вокзал кезекшісі, эскалатор бойынша жауаптылар, анықтама қызметінің кезекшісі, диктор, т.т. болып бөлінетін  қыз-келіншектер жұмысы жауапты да тиянақты екенін басшылық растайды. Өйткені, әйел бар жерде – береке бар. Нұрлыжолдық нәзік жандар көктемнің шуақты күндерін, төл мерекелерін  асыға күтіп жүр...

Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ

Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК