Түбектің теміржолшы жастарынан құралған "Маңғыстау.кз" командасы "Жайдарман" Маңғыстау облыстық ашық чемпионатының маусымашарына қатысып, өндірісте жүрген жастардың өнерден құралақан еместігін көптің алдында паш етті.Маусымашарға 40-тан астам команда тіркеліп, 31-і редакторлық жұмысынан өткен. Жоғарғы лигаға өткендер өздері үшін арнайы бекітілген тәлімгерлерді таңдап, жыл соңында "Жыл тәлімгері", "Жыл командасы" атақтарына таласады. Жайдарманда жұмысшылардан құралған жалғыз топ – жас теміржолшылардың "Маңғыстау.кз" командасының да жоғарғы лигаға мүмкіндік алғаны жарияланды. Енді олар мамыр айындағы 1/4 финалына әзірлікке кірісті. Таңдаған тәлімгері – 2017 жылғы Маңғыстау облыстық ашық чемпионатында чемпион атанған "Жалын" командасының ойыншысы Әбу Жолым. Жоғарғы лигада 12 команда сайысқа түспек.– Біз көрсеткен көріністердің көбі өзіміз еңбек ететін саламен байланысты болды. Мақсатымыз жұртты күлкіге қарық қылып, арзан әзілмен алдау емес, орамды ойы бар әзіл-қалжыңдарды ұсынып, өзгелерге теміржолшы деген мамандықты таныстыру болды, – дейді "Маңғыстау.кз" тобының басшысы, жас теміржолшылардың аймақтық өкілі Қуатбек Көпбаев.