Түбектің теміржолшы жастарынан құралған "Маңғыстау.кз" командасы "Жайдарман" Маңғыстау облыстық ашық чемпионатының маусымашарына қатысып, өндірісте жүрген жастардың өнерден құралақан еместігін көптің алдында паш етті.  Маусымашарға 40-тан астам команда тіркеліп, 31-і редакторлық жұмысынан өткен. Жоғарғы лигаға өткендер өздері үшін арнайы бекітілген тәлімгерлерді таңдап, жыл соңында "Жыл тәлімгері", "Жыл командасы" атақтарына таласады. Жайдарманда жұмысшылардан құралған жалғыз топ – жас теміржолшылардың "Маңғыстау.кз" командасының да жоғарғы лигаға мүмкіндік алғаны жарияланды. Енді олар мамыр айындағы 1/4 финалына әзірлікке кірісті. Таңдаған тәлімгері – 2017 жылғы Маңғыстау облыстық ашық чемпионатында чемпион атанған "Жалын" командасының ойыншысы Әбу Жолым. Жоғарғы лигада 12 команда сайысқа түспек. – Біз көрсеткен көріністердің көбі өзіміз еңбек ететін саламен байланысты болды. Мақсатымыз жұртты күлкіге қарық қылып, арзан әзілмен алдау емес, орамды ойы бар әзіл-қалжыңдарды ұсынып, өзгелерге теміржолшы деген мамандықты таныстыру болды, – дейді "Маңғыстау.кз" тобының басшысы, жас теміржолшылардың аймақтық өкілі Қуатбек Көпбаев.  

Шахизат Сарина,

Маңғыстау