Маңғыстау вагон пайдалану депосының вагон қараушылары "Бүйірлік рамаға бақылау" айлығы аясында қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін бірқатар кемшіліктің жолын кесті. Өткен жылғы желтоқсанның 15-інде басталған айлық осы жылғы сәуірдің 15-іне дейін жалғасады. Акция барысында бұған дейін Маңғыстау және Бейнеу станциясындағы вагон қараушылар парктегі вагондарды тексеруде – 5, тұйыққа ағытып, бақылаудан өткізу барысында 2 вагоннан бірнеше ақауды анықтады. 3 қаңтарда бейнеулік вагоншы Жарылқасын Тұрғанбаев деполық жөндеуден 22.12.2016 жылы шыққан вагоннан №99690-1175/2013 жылғы жұп дөңгелегінің букс торабы таяныш сақинасының омырылуын байқаған. 2 ақпанда маңғыстаулық аға вагон қараушы Назархан Сариев №22 тұйыққа ағытылған вагонды толық тексеруден өткізуде №76321 бүйірлік рамасынан диаметрі 2, тереңдігі 12 миллиметрге дейін қабыршақты көреді. 12 ақпанда вагон қараушы Жеңісбек Исанов астық тиелген жүк вагонының №108152-5/1992 жылғы бүйірлік рамасынан 10 миллиметр өтпелі тесікті, 13 ақпанда бейнеудегі вагон қараушы Кенжебек Орынбаев астық вагонының №37091-5/1991 жылғы бүйірлік рамасының жарылуын, ал 15 ақпанда Ыбырай Сатыбалдиев жүк вагонынан №37280-39/1989 жылғы букстық тораптың жылжуын тапқан. 21 ақпан күні Байзақ Битанов Ресей вагонынан №127378-28/1984 жылғы жұп дөңгелегі буксының бұзылуын, Байрамбай Тыныштықов ағыту тұйығына түскен вагонының бүйірлік рамасынан бүйірлік жарықты анықтаған. Мекеме басшылығы енді оларды қозғалыс қауіпсіздігін сақтап, теміржол апаттарының алдын алғаны үшін марапатқа ұсынбақ. – Бүйірлік рамаларының сынуы – пойыздар қозғалысына қауіпті ақау. Ол вагон жасау және құрастыру кәсіпорындары жасап шығарған құйылым бөлшектері өнімдерінің сапасыздығынан пайда болады, – дейді Маңғыстау вагон пайдалану депосының вагондарға техникалық қызмет көрсету пункті басшысы Жұмабек Якупбаев.