Бекәли АЛТЫН, Шымкент
Бекет атаулары қазақшаланды
1 мин чтения
«Шымкент жүк бөлімшесі» ЖТ филиалы бойынша 16 бекеттің атауы жыл басынан бері құжатта қазақ транскрипциясымен жазыла бастады.
Бөлімшедегі техникалық бөлімнің жетекші инженері Талғат Якубовтың айтуынша, аймақ теміржолшылары 2-3 жыл бұрын бекеттердің атауын құжатта қазақша жазылуын сұрап, «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ басшылығына ұсыныс хат жолдаған. Ономастикалық мекеменің тексеруі біраз уақытты алғанға ұқсайды. Нәтижесінде 2017 жылдың 29 қарашасында ҚР Премьер-министрінің №787 қаулысы жарық көрді. Нәтижесінде «Жүк тасымалы» АҚ басшылығы желтоқсанның тоғызында тізімге енген бекеттердің байырғы атын қалпына келтіруге тапсырма береді. Содан бері мекенжайына байланысты Сергеевка – Ынтымақ, Черноводск – Игілік болып толықтай өзгертілген. Ал, кезінде орыс тіліне икемделген Утрабат – Отырабат, Каракунгур – Қарақоңыр, Кургасын – Қорғасын, Монтайташ – Монтайтас, Чанак – Шанақ, Ченгелди – Шеңгелді, Джылга – Жылға, Сарыагач – Сарыағаш, Пахтаарал – Мақтаарал, Джетисай – Жетісай, Қзылсай –Қызылсай, Чимкент – Шымкент болып қайта жазылуда. Арысь 1, Арысь 2 бекеттерінен жіңішкелік белгісі алынып тасталды. Әрине, үш ай өткенмен, теміржолшылар, әсіресе Ынтымақ пен Игілікке құлақтары енді-енді үйренуде.