Динара БАЛҚЫБЕКОВА, Шымкент
Дәстүрге айналған турнир
1 мин чтения
Арыстағы ШЧ мекемесінде 40 жылдан бері еңбек етіп жатқан «Құрметті теміржолшы» Қожагелді Ізбасаровтың 60 жылдығына орай теміржолшы әулеттер арасында «Бір атаның балалары футбол ойнайды» турнирі өтті
Оған той иелерімен қатар арыстық Рысбеков, Жаңабаев, Садыбековтер әулеттері қатысты. Алаңға төрт командадан алты ойыншы шығып, өнер көрсеткен. Қорытындысында Ізбасаровтар бірінші, Садыбековтер екінші, Рысбековтер үшінші орынды иемденді. Қожагелді Ізбасаров Арыс белгі беру және байланыс дистанциясында еңбек жолын қарапайым монтер болып бастап, механик, аға механик еңбек сатыларынан өтіп, бүгінде аға электр-механик қызметінде. Әкесі, ағайын туыстары, балалары да ата кәсіптің айналасында жүр.
Әріптестің асқаралы алпыс жасы елеусіз өтпеуі үшін Шымкент магистральдық желі бөлімшесіндегі диспетчерлік орталықтың электр механигі Панзарбек Жаңабаев бұл жолы да теміржолшылар арасында осы спорттық шараның өтуіне мұрындық болған. Келесі кезекте Рысбековтер әулетінің құрметіне тағы ұйымдастырылмақ.
– Наурызда туған бекетіміз Қабылсайға барып, сол ауылдан шыққан азаматтардың басын қосып, футболдан жарыс өткіздік. Алматы, Астана, Шымкентте жүрген қабылсайлықтар бас қосып, мектептің ұжымы, теміржолшы әулеттері, басқа да жерлестерді қосқанда 7-8 команда жиналды, өте әсерлі кездесу болды, – дейді Панзарбек Жаңабаев.