Ерман Әбдиев, Тараз
Ағылшын тілін меңгеруде
1 мин чтения
Елбасының білім беру жүйесінде үш тұғырлы тіл саясатын кең қолдану бағдарын қолға ала отырып, №13 Тараз темір жол колледжінде Малайзияда біліктілігін арттырып келген «Жүк тасымалын ұйымдастыру» пәнінің мұғалімі Алтынай Дәрменбаева ағылшын тілінде дәріс беруде.
Колледжде өткен «Педагогтардың құзыреттілігін арттыруда көптілді білім берудің маңызы» тақырыбындағы аймақтық семинар-практикумда жаңашыл ұстаздың жаңалығы айқын көрініс тапты. Арнайы пәндерге шет тілін енгізудегі заманауи бағдарламалардың маңыздылығын арттыруда Алтынай «вагон құрастырушы» мамандығында білім алып жүрген студенттерге ағылшын тілінің элементтерін пайдалана отырып, дәріс берді. Сабақ барысында пән мұғалімінің шеберлігі артып, студенттердің де өз мамандықтары бойынша тіл сындыруға жарап қалғанын байқадық. Бұл, әрине, алғашқы қадамдар. Амандық болса, алдағы уақытта колледжді бітіріп шыққан студенттер мамандықтарында ағылшын тілін еркін пайдаланатын болмақ.
– Алтынай Дәрменбаева өткен жылдың соңында Малайзияда білімін жетілдіріп келді. Алдағы уақытта өзге де арнайы пәндерде ағылшын тілінің элементтерін толық пайдаланатын боламыз. Жалпы, біздің мақсатымыз техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне ағылшын тілін енгізуде шетелдік озық тәжірибелерді тарату. Яғни, арнайы пәндерді оқытуда пәндік-тілдік кіріктіру технологияларын Kahoot, CLIL, Guizlet бағдарламаларын қолдану, – дейді колледж директоры Нұржан Нұралиев.